Депутат Астана халқын оңбай алдап жүрген қытай емшілері туралы айтты
Аманжол Әлтайдың айтуынша, өзін емші деп таныстыратындар елді көп алдайтын болған
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атына депутаттық сауал жолдай отырып, Астана халқының проблемасын қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Менің атыма Астана қаласынан және басқа да өңірлерден «Шығыс медицинасы», «қытай медицинасы», «иглотерапия», «мануалды терапия» атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты азаматтардың шағымдары келіп түсіп жатыр. Шағымдарда лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз медициналық қызмет көрсету, инвазивті рәсімдердің санитариялық талаптарды сақтамай жүргізілуі, тіркелмеген препараттардың қолданылуы, сондай-ақ ауыр диагноздарды «емдеуге» уәде беріп, халықты жаңылыстыратын жарнама фактілері көрсетіледі», - дейді Аманжол Әлтай.
Оның айтуынша, кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатады.
«Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, «аңқау елге арамза емші» дегендей қалтасын қампайтып алып кетіп қалатындар да кездеседі. Бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді», - дейді Әлтай.
Оның үстіне, депутат атап өткендей, Қазақстанда «дәстүрлі қытай медицинасы» атауымен ұсынылатын қызметтердің бір бөлігі мазмұны жағынан медициналық қызметке жатады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензияны, тиісті біліктілікті әрі нақты талаптарды сақтауды қажет етеді.
«Алайда шағымдар көптеген нысандарда бұл талаптардың іс жүзінде орындалмайтынын көрсетуде: қызметтің құқықтық мәртебесі көмескі, мамандардың құзыреті мен жауапкершілігі айқын емес, ал кей жағдайларда клиникалық практикаға жіберілу тәртібі толық расталмаған шетел азаматтарының «ем жүргізуі» туралы деректер бар. Негізгі қауіп - пациент қауіпсіздігі: антисанитария, стерильділік стандарттарының бұзылуы, медициналық қалдықтарды дұрыс жоймау және инвазивті рәсімдерді қауіпсіздік хаттамаларынсыз жүргізу туралы сигналдар жиілеген. Сонымен бірге «препарат/дәрумен/қоспа» ретінде ұсынылатын өнімдердің тіркелуі мен таңбалануы күмән тудырады, ал онлайн-жарнамада ауыр диагноздарды «емдеуге» уәде беру фактілері пациентті жаңылыстыру тәуекелін күшейтеді. Кей нысандардың «тез ашылып - қысқа мерзімде жұмыс істеп - жабылып/көшіп кетуі» жоспарлы тексерудің шектеулерін көрсетіп, тәуекелге негізделген бақылауды және ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажеттігін айқындайды», - дейді депутат.
Осыған байланысты Аманжол Әлтай Денсаулық сақтау министрінен мынадай нақты ұсыныстарға назар аударуын сұрады:
- Бұл қызмет түрлерін құқықтық тұрғыдан нақты жіктеп, ресми түсіндірме жариялауды;
- Инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарға бақылауды күшейтуге;
- Шетел азаматтарының медициналық қызметін цифрлық реестр арқылы міндетті түрде ашық көрсетуге;
- Тіркелмеген препараттар мен онлайн-жарнаманы ведомствоаралық бақылауды күшейтуге;
- Азаматтарға лицензияны және дәрілік заттардың заңдылығын тексеру бойынша нысаналы ақпараттық жұмыс жүргізуді жолға қоюға.