Талғарда 8 жастағы баланы ұрған мұғалімге қатысты іс қайта қозғалды

Баланың анасы бірнеше ай бойы әділдік іздеп жүргенін айтып, дабыл қақты

Талғарда 8 жастағы баланы ұрған мұғалімге қатысты іс қайта қозғалды
Фото: © istockphoto.com

Алматы облысындағы мектептердің бірінде мұғалімнің оқушыға күш көрсеткені туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды. Баланың анасы бірнеше ай бойы әділдік іздеп жүргенін айтып, дабыл қақтыдеп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Талғар ауданына қарасты Нұра ауылының тұрғыны №12 мектептің мұғалімі 8 жасар ұлына ұзақ уақыт бойы физикалық және психологиялық қысым көрсетті деп айыптауда. Әйелдің сөзіне сенсек, педагог бұл әрекетін ақылы қосымша сабақтармен байланыстырған және өзге де оқушыларға қол көтергенін мойындаған.

Зардап шеккен баланың анасы құқық қорғау органдарына бірнеше рет шағымданғанын айтты. Оның айтуынша, учаскелік полицей тиісті тергеу жүргізбеген, дәлелдер іске тіркелмеген, сондай-ақ отбасына арыздан бас тарту үшін қысым жасалған.

Алматы облысының прокуратурасы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Мекеме мәліметінше, қылмыстық іс процестік негіздерге байланысты тоқтатылған. Дегенмен, даулы оқиғадан кейін, 2025 жылдың ақпанында мұғалім жұмыстан босатылған.

Отбасының қорғаушысы бұл шешіммен келіспейтінін айтып, істі тоқтату туралы шешімге шағым түсіруді, қайта сараптама жүргізуді талап етуді жоспарлап отыр.

Бұл оқиға Қазақстандағы бала құқығын қорғау, педагогтардың жауапкершілігі және полиция жұмысының тиімділігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.