$ 490.58  584.77  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.02.2026, 16:19
Қоғам

Бозымбаев әкімдерге 1 наурызда су тасқынына сақадай сақ дайын отыруды тапсырды

Бүгін үкіметте жиын өткен

Бозымбаев әкімдерге 1 наурызда су тасқынына сақадай сақ дайын отыруды тапсырды
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, вице-премьер су шаруашылығы нысандарының, жолдар мен көпірлердің, жедел ден қою күштері мен құралдарының дайындығын тексеріп, «Talsim» жүйесінің болжамдық деректерімен және «Tasqyn» жүйесіндегі су тасқынын модельдеу нәтижелерімен танысты. Сонымен қатар қауіп деңгейі жоғары аймақтарға жататын өңірлердің есептері тыңдалды.

Осы уақытқа дейін аймақтарда 831 шақырым қорғаныс бөгеттері салынған. 1 мың шақырымнан астам дренаж жүйелері, арналар мен арықтар жөнделіп, қайта салынды. Автомобиль және теміржол учаскелерінде 934 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында көпірлерге күрделі жөндеу жүргізілді. Су тасқыны қаупі бар өзен учаскелерінде шамамен 166 шақырым арнаны тереңдету, 255 шақырым жағалауды бекіту, 221 шақырым арналарды түзеу және 172 шақырым су арнасы мен өзен арналары тазартылды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Қараша-қаңтар айлары аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды тұлғалары барлық өңірді аралап, олардың су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындығын бағалады.

«Қазгидрометтің» алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, биыл көктемде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары көп болады.

Премьер-министрдің орынбасары Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында су тасқынының алдын алу шараларын күшейту қажеттігін баса айтты.

«Көктемнің басы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтіледі. Өткен күзде толассыз жауған жаңбыр бірқатар өңірде жер бетінде мұз қыртысының түзілуіне әкелді, бұл су тасқыны жағдайын күрделендіруі мүмкін. Осыған байланысты түрлі жағдайға дайын болып, қажетті шараларды алдын ала қабылдау маңызды. Бұл, әсіресе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысының әкімдіктеріне қатысты, өйткені ол өңірлерде бірқатар мәселе бар, ал олардың кейбірі бойынша шешім әлі күнге дейін қабылданбаған», - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Кеңесті қорытындылаған Бозымбаев министрлер мен әкімдерге 1 наурызда су тасқынына сақадай сай дайын отыруды тапсырды.