Мемлекеттік құпияны жайып салған: Павлодарда түрме бастығына үкім шықты
Бұған қоса ол ақша үшін кейбір сотталғандарға ерекше жағдай жасаған
Павлодарда түзеу мекемесінің бұрынғы басшысы қызметін асыра пайдаланғаны және мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысы прокуратурасының ақпаратынша, сот №45 түзеу мекемесінің бұрынғы басшысына үкім шығарған.
«Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін кінәлі деп танылды. Атап айтқанда, колонияның бұрынғы басшысы белгілі бір сыйақы үшін кейбір сотталғандарға жазасын өтеу үшін ерекше жағдай жасаған. Сондай-ақ, қызметтік міндетін атқару барысында қызметтік ақпаратты жария еткені дәлелденді», - деп мәлімдеді прокуратура.
Сот түрменің экс-басшысын мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, подполковник арнаулы атағынан айырып, 6 жыл 6 айға соттады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.