Шымкентте түрме қызметкерлері сотталғандарды азаптаған: іске Бас прокуратура араласты
Үш қызметкер қамауға алынды
Шымкентте түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандарды азаптады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент қаласы бойынша өңірлік өкіл Нұржан Әбдезов сотталғандардың бірін жеке қабылдаған. Кездесу кезінде ер адам биыл жазда түрме қызметкерлері оны азаптап, қинағанын айтты. Сондай-ақ қабылдау барысында тағы бір сотталған адамның соққыға жығылып, жақ сүйегі сынғаны анықталған.
Өңірлік өкіл осы фактілер бойынша дереу шара қабылдаған.
«Нәтижесінде уақытылы медициналық көмек көрсетпегені үшін медицина қызметкерлері жауапқа тартылды. Сондай-ақ түзеу мекемесінің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Құқық қорғау институты мекеме қызметкерлерінің әрекетінде азаптау белгілерінің болуына байланысты олардың ісін қайта қарау жөнінде жоғары қадағалау органына жүгінген. Бас прокуратура осы ұстанымды қолдап, өткен жылдың соңында сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлігіне қайта сараланды», - делінген хабарламада.
Осылайша түрменің үш қызметкері сотталғандарды азаптады деген айыппен қамауға алынды.