Азық-түлік арзанға сатылады: сауда орындарында «Береке Fest» акциясы өтіп жатыр
Акция 31 желтоқсанға дейін жалғасады
Сауда және интеграция министрлігі «Береке Fest» республикалық акциясын қайта өткізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
23 желтоқсан күні басталған акция 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Акцияға еліміз бойынша шамамен 80-ге жуық ірі сауда желісі қатысып жатыр. Олардың қатарында SMALL, Magnum, Fermag, Anvar, Toimart, Фермаг, Dina, Норма, Дана секілді ірі ритейлерлермен қатар, өңірлік сауда желілері де бар.
«Бұл бастама еліміздің барлық өңірін қамтып, ең алдымен, халық тұтынатын негізгі тауарлардың бағасын тұрақтандыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға және қазақстандық өнімнің халыққа қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Осыған дейін сауда министрлігі бұл акцияны қыркүйек-қазан айларында да ұйымдастырған. Бағаның төмендеуі сауда желілерінің сауда үстемесін азайтуы мен фермерлер мен сауда орындары арасындағы тікелей байланыстарды жолға қою нәтижесінде мүмкін болды. Бұл делдалдарды айналып өтіп, өнімнің тікелей жеткізілуіне жол ашты», - деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.
Ведомствоның ақпаратынша, акция аясында сауда желілері сауда үстемесін төмендеткен. Нәтижесінде отандық өнімдер ғана емес, сонымен қатар импорттық тауарлар да жеңілдікпен ұсынылып жатыр. Акция ассортименті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қамтиды.
Сонымен қатар, акция аясында ірі сауда желілерінде қазақстандық өндірушілердің өнімдері үшін арнайы промо-аймақтар ұйымдастырылған. Акцияға қатысатын барлық сауда нүктесі бірыңғай стильде безендірілген.