$ 504.76  593.8  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 09:00
Қоғам

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап не өзгереді - ең маңызды салаларға шолу

Келесі жылы зейнетақы мен жәрдемақы да өседі

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап не өзгереді - ең маңызды салаларға шолу
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

2026 жылы қазақстандықтардың қаржылық өміріне тікелей әсер ететін бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Келер жылдың басты жаңалығы да – қоғамда қызу талқыға түсіп, пікірталас тақырыбына айналған жаңа Салық кодексі. Оның аясында қосылған құн салығы көтеріледі, айлығы көп азаматтар жалақысынан көбірек салық төлейді және тағы басқа жаңашылдықтар күтіп тұр. Бұдан бөлек, мобильді аударымдар мен зейнетақы жарналарына қатысты да өзгеріс бар. Толығырақ Azattyq Rýhy шолуынан біле аласыз.

Салықпен байланысты өзгерістер   

2026 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның салық салу жүйесін түбегейлі реформалауды көздейтін жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Осылайша отандық кәсіпкерлер бизнес жүргізудің жаңа ережелеріне көшеді. Салық салу жүйесі жеңілдейді, салық есептілігі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады.

Салық кодексіндегі басты жаңалықтың бірі – қосылған құн салығының қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілуі. Бұған қоса, қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркелу шегі 10 мың АЕК-ке, яғни 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Яғни, жылдық айналымы 40 млн теңгеге жеткен кәсіпкерлер міндетті түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі керек.

2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге қосылған құн салығы 5% болады, ал 2027 жылдан 10%-ға дейін өседі. Ал Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ кітап басып шығару, археологиялық жұмыстар ҚҚС-тан босатылады. Мерзімді баспа басылымдары үшін қосылған құн салығы 10 пайыз болып бекітіліп отыр.

Сондай-ақ зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады.

Бұған қоса, көлік салығының мөлшерлемесі төмендейді. Он жылдан асқан көліктерге салық 30%-ға, ал 20 жылдан асқан көліктерге 50 пайызға қысқарады.

Компаниялар мен ұйымдар төлейтін корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде қалады, бірақ енді барлық сала бірдей ставкамен төлемейді. Банктер мен ойын бизнесі үшін корпоративтік табыс салығы – 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10% болады. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3% жеңілдетілген мөлшерлеме сақталады.

Кімдер жалақысынан көбірек салық төлейді

Келер жылы Қазақстанда жеке табыс салығы прогрессивті болады. Яғни, табысы көп адамдар көбірек салық төлейді. Егер азаматтың жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асса (қазір бұл 33 млн теңгеден астам), оның табысына 15% салық салынады. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді.

Байларға арналған салық

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда сән-салтанат салығы енгізіледі. Яғни, өте қымбат тауарлар мен мүлікке қосымша салық салынады.

Құны 75 млн теңгеден асатын қымбат көлікке, 100 млн теңгеден асатын яхта мен ұшаққа, литрі 500 мың теңгеден қымбат алкогольге, данасы 10 мың теңгеден асатын темекіге 10% акциз түрінде салық салынады. Жалпы құны 450 млн теңгеден асатын үй-жайы бар азаматтардың мүлік салығы да жоғары болады.

Зейнетақы, АЕК және ең төменгі жалақы

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін тағайындалатын зейнетақы төлемдері 10 пайызға артады.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап:

  • ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
  • мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге;
  • ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге;
  • айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге;
  • ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге болады.

Бала туғанда және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар қаншаға өсетінін мына жерден оқи аласыз.

Мобильді аударымдар қатаң бақылауға алынады

2026 жылдан бастап банктер қазақстандықтардың ақша аударымдары туралы мәліметті салық органдарына беріп отырады. Бұл мемлекетке кімнің табыс тауып жүргенін, бірақ кәсіпкер ретінде тіркелмегенін анықтау үшін қажет.

Енді тексеріс мынадай жағдайда болады:

  • егер адамның шотына 3 ай ішінде әртүрлі адамдардан 100-ден астам аударым жасалса;
  • әрі сол 3 айда түскен ақша 1 миллион теңгеден (1 020 000 теңге) асып кетсе.

Осы екі шарт бірге орындалса, салық органдары ол адамды тексере алады.

Сонымен қатар, банктер азаматтардың банк шоттары, ондағы ақша қалдығы және ақша қозғалысы туралы ақпаратты да салық органдарына бередіы.

Қысқасы, жеке адамдар арасындағы күнделікті аударымдар тексеріске ілінбейді, ал тұрақты әрі ірі көлемде ақша түсіп отырса, оны табыс деп есептеп, мемлекет бақылауға алады.

Келер жылы қазақстандықтар зейнетақы қорынан қанша ақша ала алады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін жариялады.

Жеткіліктілік шегі дегеніміз – адамның зейнетақы шотында міндетті түрде қалуы тиіс ең аз сома. Яғни, азаматтар осы мөлшерден артық жиналған ақшаны ғана үй алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және инвестициялық басқарушы компанияларға аудару үшін пайдалана алады.

Жеткіліктілік шегінің мөлшері жасқа байланысты есептеледі: жас ұлғайған сайын, шотта қалуы тиіс сома да көбейеді.

Естеріңізге салайық, алаяқтық схемаларының жиілеуіне байланысты зейнетақы қорындағы артық ақшаны тіс емдеуге, көз еміне және пластикалық ота жасатуға жұмсауға тыйым салынды.

Тағы қандай аурулар МӘМС есебінен емделеді

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға өзгерістер күшіне енеді. Енді сақтандырылған азаматтар медициналық қызметтердің көп түрін жоспарлы түрде, тегін ала алады. Яғни, медициналық сақтандыру пакеті едәуір кеңейеді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, міндетті сақтандыруға мынадай созылмалы аурулар енгізіледі: қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы (ДЦП), ревматизм, дәнекер тіндердің жүйелі аурулары. Сондай-ақ, жоғары қан қысымы (артериялық гипертензия) бар науқастарға да қажетті медициналық көмек толықтай сақтандыру есебінен көрсетіледі.

Созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын пациенттер үшін де үлкен өзгеріс бар. 2026 жылдан бастап дәрігерлік бақылау, диагностика, дәрі-дәрмек, гемодиализ, тіпті бүйрек ауыстыру (трансплантация) да медициналық сақтандыру арқылы тегін болады.

Жеке куәлік пен төлқұжат қымбаттайды

2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің 4 325 теңгеге дейін өсуіне байланысты құжаттарды рәсімдеу қымбаттайды. Атап айтқанда:  

  • 36 беттік төлқұжат – 34 600 теңге (8 АЕК);
  • 48 беттік төлқұжат – 51 900 теңге (12 АЕК);
  • балалар паспорты – 17 300 теңге (4 АЕК);
  • жүргізуші куәлігін рәсімдеу – 5 406 теңге (1,25 АЕК).

Туу туралы куәлік тегін, бірақ оны жоғалтып алсаңыз, қайта алу үшін 2 163 теңге (0,5 АЕК) төлеу керек.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап қазақстандықтар бірінші жеке куәлігін тегін алады. Мерзімі өтіп кеткен жеке куәлік үшін де ақша төлеудің қажеті болмайды.

Ал егер жеке куәлікті бір рет жоғалтып алсаңыз, 865 теңгеге (0,2 АЕК), екі рет жоғалтсаңыз 4 325 теңгеге (1 АЕК) қайта жасатасыз.

Мектеп пен балабақшаларда күтпеген тексеріс

Қазақстанда 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап балаларға арналған ұйымдарды (мектеп, балабақша, мектеп-интернат, лагерь) мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Құзырлы органдар  мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарды кез келген уақытта тексере алады.

Мұндағы мақсат – балаларға көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау. Заң бұзу туралы сигнал түскен жағдайда уәкілетті орган сол ұйымға жоспардан тыс тексеріс жүргізе алады.

Зейнетақы жарналары

Келер жылы жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері 3,5 пайызға өседі. Бұл төлемдер 1975 жылы және одан кейін туған азаматтар үшін ғана аударылады.

Айта кетері, қазір жұмыс берушілер өз есебінен қызметкерлерінің пайдасына зейнетақы жарналарын аударады. Алайда жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары жұмысшының жеке шотына емес, шартты шоттарға түседі және қызметкердің меншігі саналмайды әрі мұраға қалмайды. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері 2028 жылға қарай 5 пайызға жетеді.

Серіктес жаңалықтары