АҚШ қазақ-қытай шекарасын заңсыз кескен екі жігітке босқын мәртебесін береді деген ақпарат жалған – консулдық

Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаса қытайлық екі қазақтың АҚШ-қа аттанатынын айтқан болатын

АҚШ қазақ-қытай шекарасын заңсыз кескен екі жігітке босқын мәртебесін береді деген ақпарат жалған – консулдық
SPUTNIK

АҚШ-тың Алматыдағы консулдығы қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп, бастары дауда қалған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына босқын мәртебесін берген жоқ. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісінің ресми сауалына жауап берген дипломатиялық миссияның өкілдері мәлімдеді.

Бұған дейін қамауда жатқан екі жігіттің адвокаты Ләззат Ахатова порталымызға сұхбат беріп, АҚШ өкілдігінің оларға босқын мәртебесін беруге дайын екенін айтқан болатын. Бұл ақпаратты да консулдық өкілдері растамады.

«Жақында тараған Қазақстанда қандай да бір тұлғаларға АҚШ пана беріпті немесе пана беруге дайын деген ақпарат шындыққа сай келмейді. АҚШ-та бұл жөнінде өте айқын заңдар қабылданған, нақты бекітілген пана беру процесі бар. Процесс талаптары толық орындалмайынша, пана беру мүмкін емес», - делінген АҚШ өкілдерінің берген жауабында.

Еске салайық, қазан айының басында Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп, елге келген қытайлық қандастар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын құқық қорғау органдары ұстаған болатын. Олар қазір Өскемендегі уақытша ұстау абақтысында жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.