Мәнізоровті босатқан Бас прокуратурамен келіспейміз – Жемқорлықпен күрес агенттігі
Бұл туралы бүгін журналистерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші тергеу департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов мәлім етті
Оның айтуынша, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қатысты арыз жазған – қарапайым екі тұрғын.
«Агенттігімізге екі тұрғын хабарласты. Олардың арызын бірыңғай қылмыстар реестіріне тіркедік. Бұл бірінші факт. Екінші факт: біз осы арыз негізінде қылмыстық тергеу жүргізіп жатқанда Бас прокуратура қылмыс құрамы жоқ деп, істі талаппен сұрап алды. Артынша қылмыстық істі тоқтатты. Біз бұл талаппен келіспейміз, сондықтан, қарсылық хат жаздық. Қазір ол арызымыз Бас прокуратурада қаралып жатыр», - деді Қанат Сүлейменов.
Ал, Бағдат Мәнізоров «қызметтер үшін 30 соттық жерді алдым» деген видеосына қатысты агенттік қызметкері ешқандай комментарий берген жоқ.
Айта кетейік, Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Мәнізоровтың «қамалғаны» туралы ақпарат 26 қыркүйек күні тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов 2 қазанда Мәнізоровтың ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінгенін ресми мәлімдеді. Ал, 30 қазанда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Бағдат Мәнізоровтың жұмысқа шыққанын хабарлады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан