Алматыдағы «Арбатта» хэллоуин тойлаған бір топ бозбаланы полиция ұстап әкетті (ВИДЕО)
Олардың полиция көлігіне отырып жатқан сәтінің видеосы жарияланды
Алматыда хэллоуин тойлаған жастарды полиция ұстап әкеткені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты қалалық Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде бір топ жастың полиция көлігіне отырып жатқан сәтінен видео жарияланды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Алмалы ауданында қоғамдық тәртіптің сақталуына және тұрғындардың қауіпсіздігіне арналған профилактикалық іс-шара өткен.
«Полиция мұндай мерекелік іс-шараларға, тұрғындардың жаппай демалыс өткізуіне қарсылық танытпайды. Ішкі істер органдарының басты міндеті – қоғамдық кеңістіктегі тұрғындардың қауіпсіздігі, тәртіптің бұзылуына жол бермеу. Рейдтік іс-шаралар барысында полиция жасөспірімдердің іс-шарасына ерекше назар аударды. «Арбат» жаяу жүргіншілер жолында түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген 28 бозбала анықталды. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік материалдар жиналды», – делінген қалалық Полиция департаментінің ресми түсініктемесінде.
Айта кетерлігі, заң бойынша жасөспірімдер сағат 23:00-06:00 аралығында ересектердің қарауынсыз көшеде жалғыз жүруіне тыйым салынған.
«Балалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершігіміз. Профилактикалық жұмыс ең алдымен олардың қауіпсіздігі мен қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігіне арналған», – дейді Полиция департаменті.