Бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етуіміз қажет – Тоқаев
Президент мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайтынын атап өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 80-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Президент ақиқатқа тура қарауға шақырды
Мемлекет басшысы қазіргідей алмағайып кезеңде әлем БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етуі қажет екенін мәлімдеді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы сексен жылдан бері адамзатқа төнген жаһандық cын-қатерлерді еңсеруде басты рөл атқарып келеді. Осы жылдар аралығында Ұйым біздің ұжымдық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті сақтау, өсіп-өркендеу, кедейлікті азайту, орнықты даму және адам құқығын қорғау бағытындағы ортақ күш-жігерімізді ілгерілетуге бастамашы болды», - деп атап өтті Тоқаев.
Президент халықаралық қауымдастықты ақиқатқа тура қарауға шақырды.
«Әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Өкінішке қарай, жақсы жаққа қарай өзгерді деп айту қиын. Дәл сол себепті жер жүзіндегі миллиондаған адам Бірікккен Ұлттар Ұйымына үлкен үмітпен көз тігіп отыр. Бүгінгі тарихи кездесу – әмбебап және баламасы жоқ Ұйымның іргелі қағидаттары мен мақсаттарына қаншалықты бейіл екенімізді дәлелдейтін орайлы мүмкіндік. Әйтсе де біз көпжақты институттарға деген сенімнің дағдарысқа ұшырағанын айтпай кете алмаймыз», - деп толықтырды ол.
Мемлекет басшысы халықаралық құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналғанын атап өтті. Соның салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті.
«Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды. Қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздік танытуға еш құқығы жоқ. Өйткені оның зардабын келесі ұрпақ тартады», - дейді Тоқаев.
БҰҰ беделін көтеру үшін не істеу керек
Мемлекет басшысының айтуынша Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды.
«Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Іс жүзінде орта державалар қазірдің өзінде теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосып, халықаралық қатынаста жағымды рөл атқара бастады. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады», - деді Тоқаев.
Оның пайымынша XXI ғасырда БҰҰ беделін көтеру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бекемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс. Әйтпесе, БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді.
«Біз бұл үдерісті дәл бүгіннен бастай аламыз. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына бейіл екенімізді тағы да растауымыз қажет. Егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарының бәрі мүлтіксіз сақталуға тиіс. Ұйым Жарғысын қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді», - деп толықтырды ол.
Дипломатияға жүгінген жөн
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша Қазақстан дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды.
«Қазақстан бейбіт тұрғындарға орасан зор залал келтіріп, жаһандық сенімге селкеу түсірген және халықаралық қауіпсіздікті әлсіреткен Украина айналасындағы дағдарысқа алаңдаулы. Дегенмен аталған қақтығысты тоқтату үшін екіжақты және халықаралық деңгейдегі дипломатиялық күш-жігерді жалғастырып, қос мемлекет ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін саяси икемділік көрсетуі керек. Территориялық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болған емес. Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді. Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді», - дейді президент.
Оның айтуынша Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі.
«Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз. Қазақстан Таяу Шығыстағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды», - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол Қазақстан АҚШ Президентінің арағайындығымен Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасының қалыпқа түскенін ерекше ықыласпен қабыл алғанын атап өтті.
«Бұл дипломатия мен парасатты шешімнің арқасында ұзақ жылға жалғасқан кез келген қақтығысты реттеуге болатынын дәлелдеді. Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды», - деді ол.
Алауыздық тағдырдың жазуы емес
Мемлекет басшысы саяси көшбасшылық өзара түсіністік пен құрметтен тұрады деп есептейді.
«Қазіргі геосаяси шиеленіске қарап, кейбір саясаткерлер «өркениеттер қақтығысынан қашып құтыла алмаймыз» деген пікір айтып жүр. Алайда мұндай алауыздық тағдырдың жазуы емес, олардың саяси таңдауы. Ғылым, медицина, спорт, дін және мәдениет сияқты жаһандық игіліктер геосаяси бөліністің құралына айналмауға және санкция салуға себеп болмауға тиіс. Адамзат өміріндегі бұл ізгі құндылықтар бізді гуманизм идеясына біріктіреді. Саясаткерлер жауапкершіліктен жұрдай мәлімдеме жасағанда немесе дін мен болмысты саяси ұпайын түгендеу үшін бұра тартып, ағат әрекетке барғанда сенімге селкеу түсіп, бейбітшілікке ұмтылған ерік-жігер жасиды. Анығында, саяси көшбасшылық – бір-біріне күмән-күдікпен қарап, менмендік таныту емес, өзара түсіністік пен құрметтен тұрады. Әлемге тірек болып тұрған толеранттылық пен парасаттылық заң үстемдігіне арқа сүйеуі қажет», - деп атап өтті ол.
Президент Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындағанын айтты.
«Біз жікке бөлінушілік барған сайын күшейіп, инвестиция ағынына қатысты саяси сыңаржақ ұстаным белең алғанына куә болып отырмыз. Соның салдарынан былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясының көлемі 1,5 триллион долларға дейін қысқарды. Қазақстан инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуді табанды түрде жақтайды. Тәуелсіздіктің 30 жылында ел экономикасына 400 миллиард доллардан астам қаржы тартылды. Біз әрқашан ашық нарық қағидаттарына сүйенеміз әрі бұл мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты болып қала береді», - деді мемлекет басшысы.
Қазақстан шешуші рөл атқарады
Оның айтуынша Еуразия төсінде орналасқан Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызына қызмет көрсететін логистикалық хаб ретінде шешуші рөл атқарады.
«Біз көлік-транзит инфрақұрылымына, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасына, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне және Транскаспий көлік бағытына ондаған миллиард доллар инвестиция саламыз. Қазақстан қалыптасып келе жатқан жаһандық көлік жүйесінің өзегі саналатын аймақтық жеткізу тізбегін дамытуды жалғастырады. 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Еліміз Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Ондағы міндеттер мемлекеттік жоспарлауда және бюджет жобасын әзірлегенде ескеріледі», - деді ол.
БҰҰ Бас хатшысы мен Ұйымға мүше мемлекеттердің қолдауының арқасында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Бүгінде Орталық Азияның бірлігі мен өзара сенімі жаңаша сипат алып, өңір халықаралық бейбітшілік пен прогрестің белсенді қатысушысына айналды. «Орталық Азия бестігі» ынтымақтастығын нығайтуда. Сол арқылы тату көршілік дамуға да, қауіпсіздікті күшейтуге де оң септігін тигізетінін дәлелдеп отыр. Соның арқасында біздің өңір әлемдегі негізгі серіктестерімен «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізе бастады.
«Қазақстан Ауғанстанның инклюзивті дамуын аймақтағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі деп санайды. Біз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіп, сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және көлік тасымалы салаларындағы ықпалдастығымызды жалғастыра береміз», - деп түйіндеді ол.
Тоқаев көгалдандыру күнін белгілеуді ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды.
«Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз», - деді ол.
Былтыр Қазақстан Франция, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп One Water саммитін өткізді. Болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында анағұрлым тығыз үйлестіру, инвестиция және орнықты шешім қажет.
«Аталған мәселені күн тәртібіне шығару үшін еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа халықаралық құрылымдармен серіктесе отырып, келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы міндеттемелеріміз аясында елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл қозғалыс тазалыққа, қоқыс жинауға және экологиялық ағартушылыққа атсалысатын миллиондаған еріктіні ортақ іске жұмылдырады.
Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрін осы маңызды бастамаға қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатуға шақырамыз. Осы орайда Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын», - деді ол.
Экономикалық өсім 6 пайыздан асады
Президент еліміздегі саяси реформалар жөнінде мәлімет берді.
«Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде Әділетті Қазақстан құруды көздеген жаңғыру саясатын батыл жүргізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда біздің аймақта бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жасалды. Жалпыұлттық референдум арқылы Президентті жеті жылға бір мерзімге сайлайтын норма енгізілді. Бұл демократия қағидаттарына сай есептілікті күшейтеді. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанамыз.Қазақстанды жаңғырту ұстанымын басшылыққа ала отырып, елімізде бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсындым.Мақсатымыз – саяси жүйенің қоғам сұранысына сай ашықтығы мен тиімділігін арттырып, оны ұдайы жетілдіру. Бұл реформалардың басты қағидасы: Заң және тәртіп бәрінен жоғары тұруы керек», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарына тоқталды.
«Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Биыл экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл біздің аймақтағы ең ірі экономиканың орнықтылығын қуаттай түседі. Дегенмен бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Біз ұзақ мерзімді дамуға бағытталған күш-жігерді жалғастырамыз. Қазақстанның энергетикалық стратегиясы төрт салаға негізделген: мұнай-газ, көмір, уран және аса маңызды минералдар. Бұл құнды ресурстар сенімді энергетикалық серіктестіктің негізі бола алады. Климат өзгерісі мен «жасыл» күн тәртібін көмір кені секілді орасан зор энергетикалық ресурсқа бай елдер қабылдай бермейді. Өйткені бүгінде озық технологияның арқасында оны тазаланған күйінде пайдалануға болады. Сондықтан біз 35 жыл ішінде елімізді декарбонизациялау жөнінде міндеттеме алдық. Тек жаңартылатын энергия көмегімен бүкіл энергетикалық мәселені шешу мүмкін емес», - дейді мемлекет басшысы.
«Ауыл шаруашылығы – әлемдік нарықта зор әлеуетке ие жетекші саламыздың бірі. Қазақстанның астық экспортындағы әлеуеті – 12 миллион тонна. Бұл халықаралық нарықтың басым бөлігін қамтиды және көлік байланыстарын жақсарту есебінен сауданы кеңейтудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Біз сыртқы саудамыздың инклюзивтілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ете отырып, оны одан әрі әртараптандыру мақсатында барлық негізгі халықаралық серіктестерімізбен және аймақтағы мүдделі елдермен ынтымақтастықты жалғастырамыз», - деп түйіндеді ол.