$ 545.01  642.84  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президент Қытайдың жаһандық бастамасы жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңеске қатысты

Мемлекет басшысы аса маңызды әрі дер кезінде ұйымдастырылған жиын үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.

Президент Қытайдың жаһандық бастамасы жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңеске қатысты
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында ҚХР-дың жаһандық даму және жаһандық басқару саласындағы бастамалары бойынша жоғары деңгейдегі кеңесте сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

 Іс-шара «Жаһандық дамудың жарқын келешегін бірлесе құру, бастапқы ұмтылыстарға адалдық» тақырыбына арналды.

Мемлекет басшысы аса маңызды әрі дер кезінде ұйымдастырылған жиын үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.

«Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көреген басшылығы мен анағұрлым әділ, инклюзивті әрі тиімді халықаралық ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Осы орайда Қазақстан геосаяси және экономикалық сын-қатерлерге жауап беретін Қытайдың жаһандық бастамасын толығымен құптайды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму мақсаттарына тезірек жетуге ықпал ететін Жаһандық даму бастамасына (Global Development Initiative) еліміздің қолдау көрсететінін жеткізді

«Бұл ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Тяньцзинде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіндегі Қытайдың кейінгі стратегиялық ұсынысына – Жаһандық басқару бастамасына (Global Governance Initiative) сай келеді. Аталған бастама тұрлаусыз әлемге оң әсер етіп, көптеген елдің мақсат-мұратын айқын жеткізуіне көмектеседі. Осы ретте негізгі рөлді Біріккен Ұлттар Ұйымы атқаратын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл бастама егемендік теңдігін қамтамасыз ету, халықаралық құқық үстемдігі, көпжақты институттарды нығайту, сондай-ақ адамдардың игілігі мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлемдік тәртіпті ілгерілету секілді өзекті мәселелердің шешімін ұсынады.

«Жаһандық басқару бастамасы, ең алдымен, цифрлық технологияға, қауіпсіз киберкеңістікке және ғарыш кеңістігіне әділ қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл нормативтік-құқықтық база мен жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық стандарттарын әзірлеу тұрғысынан өте өзекті. Осы орайда Қазақстан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру жөніндегі ұсынысын қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Жаһандық басқару бастамасы 150-ден астам ел қосылған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының міндеттерімен үндес екенін жеткізді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық бастаманы жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастық БҰҰ-ның негізгі мақсаттарына жетуге септігін тигізетінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары