Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық істің бабы өзгертілді
Павлодар облысының бұрынғы әкіміне қатысты қылмыстық іс сотқа түсті
Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 сотында бұрынғы аймақ басшысы Болат Бақауовтың ісі қаралады. Алғашқы отырыс 2020 жылдың 27 мамырына белгіленді.
Тергеу Павлодар облысының экс-әкіміне қатысты қылмыстық істің бабын өзгертті. 361-баптың жазасы жеңілдеу, жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін экс-әкім Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлімінің 3-тармағы (өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша жауапқа тартылған болатын. Бұл тармақ бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырылған. Сондай-ақ, сотталған адамның мүлкі тәркіленеді.
Павлодар қалалық №2 сотының хабарлауынша, сотқа түскен қылмыстық істің бабы өзгертілген. Енді экс-әкімге Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлімінің 3-тармағы бойынша айып тағылып отыр. Бұл баптың жазасы алдыңғысымен (ҚК 362-бабы, 4-бөлімінің 3-тармағы) салыстырғанда жеңілдетілген: жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Еске салайық, ҰҚК 2020 жылдың 16 қаңтарында Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовты лауазымын асыра пайдаланды деген қылмыстық іс бойынша ұстаған еді.
17 қаңтарда Павлодар қалалық мамандандырылған тергеу соты Болат Бақауовты екі ай мерзімге қамауға алу туралы қаулы шығарды.
19 ақпанда Павлодар соты экс-әкім Бақауовқа қатысты үйде қамауға алу туралы санкция шығарды.
10 сәуірде Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов үйқамақ мерзімі 13 мамырға дейін ұзартылды.