Сенаторлар Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесін сайлады
Серік Сыдықовтың кандидатурасын сенаторлар бірауыздан қолдады
ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі болған Серік Сыдықов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болды. Оның кандидатурасын ҚР Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева ұсынды.
«Мен Конституциялық құқығымды пайдаланап отырып, Орталық сайлау комиссиясы мүшесіне Сыдықов Серік Сламжанұлын ұсынамын. Серік Сламжанұлын жақсы білесіздер, ол белгілі, білікті заңгер. Сенат аппаратында 25 жылдан аса уақыт жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Парламенттегі зор тәжірибесі Орталық сайлау комиссиясы мүшесінде пайдалы болады деп сенемін», - деді Д.Назарбаева.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті кандидатураны талқылап, қорытынды әзірлеген. Ұсынысты сенаторлар бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Серік Сламжанұлы Сыдықов 1962 жылы туған, жоғары білімі бар. Ол 1996 жылдан бастап Парламент Сенатында әртүрлі қызмет атқарды.
- Сенат аппараты сараптама бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі.
- 2007 жылдан бастап Сенат аппараты басшысының орынбасары, бірінші орынбасары.
- 2016 жылдан бастап Сенат аппаратының басшысы.
- 2020 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан