Машкевич Duty Free дүкеніне қатысты тендерге қатысқан компанияны сотқа берді
Alfa компаниясы бәсекелесін алаяқтыққа барды деп айыптайды
Экс-қазақстандық миллиардер Александр Машкевич Тель-Авив әуежайындағы Duty Free дүкеніне қатысты тендер бойынша басты қарсыласын 143 млн доллар өндіру өтінішімен сотқа берді. Бұл туралы израильдік Globes басылымы хабарлаған.
«500 млн шекель ($142 838 000 – ред.) өндіру бойынша сотқа жүгінуге Бен-Гурион әуежайында 2013 жылы салынған Duty Free дүкендер басқармасына қатысты тендер нәтижесі себеп болып отыр. Онда алаяқтық, заңсыз мәмілелер жасасу, құпия ақпараттарды жариялау, тендерге қатысушылардың бірінің жолын бөгеу сияқты шағымдар бар. Сотқа беруші тарап – Люксембургте тіркелген, Александр Машкевичтің бақылауындағы Alfa компаниясы. Ал Машкевич – Израильдегі ең ауқатты адамдардың бірі. Ол байлыққа металл, тау-кен өндірісі арқылы қол жеткізген», - деп хабарлайды израильдік басылым.
Сондай-ақ Бен-Гурион әуежайындағы (Тель-Авив қаласы - ред.) бажсыз сауда жасайтын дүкен де әлемдегі ең табысты компаниялардың қатарына кіреді.
«Жыл сайын әуежай арқылы 22 млн жолаушы өтетінін ескерсек, дүкеннің жылдық табысы 350 млн долларды құрайды. Бен-Гурион әуежайындағы дүкен желісі - әлемдегі ең табысы көп компаниялардың бірі», - делінген басылымда.
Басылымның хабарлауынша, 2012 жылы Gebr. Heinemann мен Alfa компаниялары арасында Бен-Гурион әуежайында бажсыз сауда дүкендерін ашу және тендерге қатысу (2013 жылға жоспарланған) бойынша стратегиялық келісім болған. Сол уақытта Бен-Гурион әуежайындағы бажсыз сауда жасайтын дүкендермен James Richardson компаниясы айналысқан. Бұл компания – тендер бойынша Alfa-Heinemann тандемінің басты қарсыласы.
Alfa компаниясының айтуы бойынша, Heinemann компаниясы күтпеген жерден Alfa-Heinemann өтінішінен бас тартып, бұл жоба бойынша жеңімпаз компания James Richardson болған. Осылайша, әуежай мен James Richardson концессиялық келісім 2020 жылға дейін созылу керек болған. Алайда, 2017 жылы Израиль әуежайлары басқармасы роялти мөлшері тым жоғары екенін ескеріп, жаңадан тендер жариялаған. Өз кезегінде James Richardson бұл тендерге бұрынғы серіктесі Alfa-Heinemann тандемімен бірге түсетінін мәлімдеп, нәтижесінде бірлескен компаниялар жаңа тендердің жеңімпазы болып, 10 жылға концессия шартын жасасқан.
Алайда, Alfa ұжымы James Richardson компаниясының 2013 жылғы жеңісі жоспарлы түрде алаяқтыққа құрылғанын айтып шағымданған. James Richardson компаниясы сол жолғы жеңісінің «рахметі» ретінде Heinemann компаниясына Сидней әуежайында бажсыз сауда дүкенін ашу бойынша тендерді жеңіп алуға көмек берген.
«Alfa-ның шағымы бойынша, James Richardson компаниясының әрекеті келісімшартты бұзу, алаяқтық, заңсыз баю және бәсекелестік туралы заңның бұзылуына әкеп соқтырған», - делінген басылымдағы мақалада.