Мәжіліс төтенше жағдай кезінде Президент өкілеттілігін кеңейту туралы заң жобасын мақұлдады
Төменгі палатада ТЖ кезінде Қазақстан Президентінің өкілеттігін кеңейту мәселесі қаралды

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Заң жобасында төтенше жағдай кезінде Қазақстан Президентінің өкілеттігін кеңейту мәселесі қаралған.
«Төтенше жағдай енгізу кезеңінде және осы төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыста жедел шешім қабылдау мақсатында Қазақстан Президентіне заңда көзделген қоғамның жекелеген қоғамдық қатынастарды реттеудің өзге де тәртібін белгілеу бойынша өкілеттіктер беру ұсынылады», - делінген Ұлттық экономика министрі қол қойған заңның болжамды экономикалық, әлеуметтік, құқықтық салдары туралы айтылған құжатта.
Жалпы, заң жобасы төтенше жағдай кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін және Қазақстанның конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдау мақсатында әзірленді. Құжат бойынша «Төтенше жағдай туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.
Заң жобасының ғылыми экономикалық сараптамасының қорытындысында Президенттің актілері негізінде салық, бюджет, кеден, банк, еңбек, монополияға қарсы заңнама, денсаулық, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы заңнама, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік, бәсекелестікті қорғау, мемлекеттік бақылау және қадағалау, сондай-ақ елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру мәселелері бойынша өкілеттігі кеңейтілуі мүмкін екені айтылған.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан