Тәжікстанның наразалық нотасы: «Патруль» сериалын түсіру тобы мен СІМ ресми өкілінің жауабы
Бауырлас ел не үшін наразылық танытты?
27 сәуірде Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдағаны туралы ақпарат жарық көрді. Онда Тәжікстан тарапы «НТК» телеарнасынан көрсетілетін «Патруль» сериалындағы эпизод тәжік ұлтын кемсітіп, ұлтаралық алауыздықты қоздырды деп бағалаған.
Azattyq Ruhy тілшісі осы орайда отандық сериалды түсірген «B.A.S production» продюсерлік орталығының өкілі мен басты рөлді сомдаған Мейіржан Төребаевпен сұхбаттасты.
Актер, вайнер Мейіржан Төребаев орыс тілінде түсірілген сериалда Берік есімді полицейдің рөлін сомдаған. Сериалдың желісі бойынша әріптесі Серік екеуі үсті-басы кір, қазақша да, орысша да сөйлемейтін бір адамды тұтқындайды. Оған автокөлік жуғызып, полиция бөлімшесіндегі кеңсені сырлатады. Кейін өздері тұтқындаған адамның Тәжікстан елшісі екенін біледі. Сөйтсе, ол елшілікке бара жатып адасып кеткен екен. Актердің айтуынша, ол берілген сценарий бойынша өз рөлін сомдам шыққан.
«Наразылық нотасы жайлы сізден естіп тұрмын. Ол 5,6 жыл бұрын түсірілген сериал. Бұл эпизодтың қай сезон, қай серияда екені қазір есімде емес. Бұл мәселе бойынша ешкім хабарласқан жоқ. Мен актер ретінде ғана түстім. Ақшамды берді. Болды. Қалғанында шаруам жоқ. Ол сериалдың кімге (авторлық құқығы кімге тиесілі- авт.) тиесілі екенін де білмеймін. 5 сезон. 100 серия түсірілді»,- дейді «Патруль» сериалындағы басты рөлді сомдаған полицейдің бірі Мейіржан Төребаев.
«B.A.S production» продюсерлік орталығының бас продюсері Ақылбек Досжанов сериалға қатысты дау бұған дейін шыққанын айтты. Яғни, 2015 жылы бұл мәселеге нүкте қойылған.
«Бұрын Тәжікстанның әлеуметтік желілерінде «Патруль» атты қазақстандық сериалдың видеолары тараған. «Мүмкін, тәжік тарапы мұрағаттарды қарап шықпастан, Қазақстанға наразылық нотасын жіберген болар. Осы оқиға қатысты мәселе 2015 жылы құқықтық алаңда шешілді. Яғни, сериалды түсіргендер тәжік тарапынан кешірім сұрады. Барлық материалдар эфирден алынды. Бұл тақырып жабылып, нүктесі қойылған», - дейді ол.
Сериалдың авторлық құқығы «НТК» телеарнасына тиесілі. Дегенмен, арна ресми ақпарат беруден бас тартты.
«Бұл мәселеге қатысты комментариді ақпарат министрлігіне (ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) жібердік. Бұл сұрақ бойынша біз ресми мәлімет бермейміз»,- деді өзін «НТК» телеарнасның офис менеджері ретінде таныстырған Жұлдыз есімді қыз.
Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Тәжікстан тарапынан ресми нота түспегенін мәлім етті.
«Нота келіп түспегенге ұқсайды. Тексеріп жатырмыз. Жоқ нота. Сондықтан әзірге еш комментарий жоқ»,- деді ол.
АҚПАРАТ ҮШІН:
2007 жылы Тәжік депутаттары «Наша Russia» әзіл-сықақ бағдарламасының кейіпкерлеріне айналған тәжік гастарбайтерлері «Джамшут» пен «Равшан» туралы оқиға «тәжік халқының ар-намысына тиеді» деп шу көтерген болатын.
«Егер бұл әзіл-сықақ болса, бағдарламаның мақсаты белгілі бір ұлтты кемсітіп, күлкі қылу болса, онда оны жабу керек», - деп мәлімдеген болатын Тәжікстан парламенті жоғарғы палатасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Мамадшо Илолов.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан