Қазақстандағы ересек адамдардың 58 пайызы артық салмақпен өмір сүреді – ДСМ
Бұл 2024 жылғы зерттеудің қорытындысы
Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының семіздікке қарсы жедел іс-қимыл жоспарын іске асыруға арналған миссиясы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, осы миссия аясында Қазақстан ересектер мен балалар арасындағы артық салмақтың алдын алу үшін «Жол карта» дайындағысы келеді.
«STEPS 2024 зерттеуінің деректері бойынша Қазақстанның ересек тұрғындарының 58 пайызы (18+) артық дене салмағымен өмір сүреді. Ересектердің 22,4 пайызында семіздіктің клиникалық түрі анықталған», - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Ал, COSI (2020) зерттеуіне сәйкес, 6-9 жас аралығындағы балалардың 20,6% пайызында артық салмақ, ал, 6,6 пайызында клиникалық семіздік расталған. Қазақстан бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешуге ұмтылып отыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова қабылданатын шешімдердің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Семіздік - бұл медициналық мәселе ғана емес, сонымен қатар ұлттық жедел әрекет ету саясатын қажет ететін қоғамдық денсаулық пен экономикаға жаһандық сынақ. Біздің міндетіміз - халықтың дұрыс тамақтануына, салық саясатына және медициналық және профилактикалық көмектің қолжетімділігіне назар аудара отырып, дәлелденген халықаралық құралдарды біздің басымдықтарымызға бейімдеу», - деді вице-министр.