115 мың неке, 45 мың ажырасу: елімізде жас отбасылар алғашқы жылдары-ақ айырылысып жатыр
2025 жылы некенің басым бөлігі жаз айларында тіркелген
Қазақстанда 2025 жылы 115,9 мың неке тіркелген. Жалпы некелесу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,69 құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы арнайы хабарлама жариялады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бюро мәліметінше, некелесу көрсеткіші Астана қаласында – 1000 адамға 6,75, сондай-ақ Қарағанды (6,32) және Шығыс Қазақстан (6,27) облыстарында жиірек тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында – 5,06.
Қалалық жерде 78,9 мың неке тіркелсе (68,1%), ауылдық жерде – 37 мың (31,9%).
«Алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер арасында 27,9 жас, әйелдер арасында – 25,3 жас. Ерлер арасында алғаш рет некеге тұрғандардың үлесі 77%, әйелдер арасында 78% болды. Ажырасқаннан кейін некеге қайта тұрғандардың үлесі ерлерде – 22%, әйелдерде – 21%.
2025 жылы некенің басым бөлігі жаз айларында тіркелген: маусым – 11 848, шілде – 12 955, тамыз – 12 418.
Былтыр отау құрғандардың 80,4%-да моноэтностық неке болса, 19,6% – ұлтаралық неке.
2025 жылы 45,7 мың ажырасу тіркелді. Олардың 34 мыңы (74,4%) қалалық жерде тіркелсе, ауылдық жерде – 11,7 мың (25,6%)», – делінген бюро хабарламасында.
Жалпы жылдық ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,24 болды. Ең жоғары коэффициент Павлодар облысында – 3,43, сондай-ақ Қарағанды (3,41) және Солтүстік Қазақстан (3,28) облыстарында тіркелді. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – 1,03.
Некеде тұру ұзақтығына қарай ажырасулардың ең үлкен үлесі (35%) 1-4 жыл отау құрағандарға тиесілі. 5-9 жыл бірге тұрғандар арасындағы ажырасу – 24%, ал үйленгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасқандар үлесі – 8%.