Астана декларациясының қабылдануы зор мәнге ие – қытайтанушы
Ол Қазақстанның ұйымдағы рөлі жайлы айтты
Саясаттанушы, қытайтанушы Әділ Қаукенов ШЫҰ саммитінің маңыздылығы мен мәртебесі жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымын өткізу Орталық Азия мен саммитке қатысып жатқан елдер үшін зор мәнге ие. Бүгін Шығыс Еуропадан Беларусь та қосылып жатыр. Ұйымды дамытуда Астана декларациясы маңызды бағыттың бірі. Декларацияның Астана болуы да өте үлкен мәнге ие. Қазақстан өзін куәгер ретінде емес, оқиғаларға белсенді қатысып, ат салысатын ойыншы ретінде көрсетіп жатыр. Қазақстан билігі аталған құжатты әзірлеуге көп дайындалды. Бұл құжатқа ШЫҰ мүше елдері қол қойды. Бұл үлкен күш-жігерді қажет етті. Себебі ұйым құрамында онжылдық даулары бар Үндістан мен Пәкістан да бар», - дейді Қаукенов.
Қытайтанушы атағандай, үнді мен пәкістандық әріптестер осы құжатты Қазақстанның әзірлегенін алдын ала білді.
«Осының барлығы ШЫҰ аясында Астана декларациясының қабылдануына алып келді. Бүгінде Астана халықаралық журналистер мен сарапшылардың, дипломаттардың басын қосқан алаңға айналды. Сондықтан ұйымның аталған құжатқа қол қоюы үлкен жетістік», - дейді ол.
Саясаттанушы «Шанхай рухы» барлық қатысушы бір-бірін қолдап, бірлікте болуды білдіретінін айтты.
«Қазақстанның ұстанымы барлық қатысушының басын қосып, әр елдің әлеуетін жүзеге асыруға негізделген. Бүгін әртүрлі салада көптеген құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы ШЫҰ аясында да, екіжақты байланыста да өте маңызды. Алайда ШЫҰ-ға мүше әрбір мемекетпен жақсы қарым-қатынаста болу ұтымды», - деп түйіндеді сарапшы.