«Ортақ проблемамен бірге күрескен тиімдірек»: сарапшы ШЫҰ саммитінде не талқыланатынын айтты

Елордадағы саммит барысында Беларусь ШЫҰ-ға мүше болатын оныншы мемлекет атанбақ

«Ортақ проблемамен бірге күрескен тиімдірек»: сарапшы ШЫҰ саммитінде не талқыланатынын айтты
Фото: kisi.kz

Осы аптада Қазақстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді және Қытай төрағасы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапар жасайды. Көптеген мемлекет басшыларының басын қосатын ауқымды жиында қандай мәселелер талқыланады? Саммит барысында қандай құжаттар қабылданады? Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Жансая Нұралиева Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірді.

Сарапшы Қазақстан бір жыл бойы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенін еске салды. Осы жолғы саммит те сол бір жылдық жұмыстың қорытындысы болмақ. Нұралиеваның айтуынша, Қазақстан үшін өте жемісті жыл болды. Еліміз көптеген бастама ұсынды.

«Қателеспесем, саммитке он алты елдің мемлекет басшылары, одан бөлек он мыңнан астам делегат келеді деп күтілуде. Бұл қатысушылар саны жағынан да, ұйымдастыру жағынан да өте ауқымды шара болғалы тұр. Жалпы саммитте жиырмадан астам құжат қабылданады. Оның ішінде ең бастысы Астана декларациясы болмақ. Астана декларациясында былтыр президент өзі ұсынған бейбіт ел, көпжақты диалогты нығайту мәселелері қамтылады. Қытай басшысы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапармен келе жатыр. Сапар барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымын әрі қарай дамыту мәселелерін талқылайды. Себебі біз келесі жылға төрағалықты Қытай еліне тапсырамыз», - дейді Нұралиева.

ШЫҰ-ның мақсаты – көпжақты диалог, келісімге келу. Ұйымға Ресей, Қытай, Үндістан секілді алпауыт елдер мүше.

«Мысалы, Қытай мен Үндістан әлемдегі ең көп тұрғыны бар және энергияны көп тұтынатын мемлекеттер. Сондықтан бұл жағынан диалогты дамытып, келісімге келу өте маңызды. Қазақстан изоляциядағы мемлекет емес, біз географиялық тұрғыдан да Еуразияның жүрегінде тұрмыз. Сондықтан біз жабылып қалып, ешкімді кіргізбей, ешкіммен араласпай отыра алмаймыз. Бізге ашық болу керек, инвестиция тарту деген сияқты өз мүдделеріміз бар. Сол себепті біз «саясатымыз көпвекторлы, біз ашықпыз» деген месседж жолдаймыз. Саммитке он мың делегат келеді деп отырмыз. Олардың арасында елімізге алғаш рет аяқ басатындар бар шығар, біз білмейміз ғой. Олар ертең келіп, қонақжай ел екенімізді өз халқына айтып барса, болашақта ол мультипликативтік әсер береді, инвестиция тарту, туризм саласында көп септігін тигізеді», -  деп санайды сарапшы.

Жансая Нұралиева ШЫҰ саммитінің күн тәртібіне қандай мәселелер шығатынын айтты.

«Ұйым құрылғалы бері күн тәртібіне шығатын мәселе қауіпсіздік болатын. Үш зұлым – терроризм, экстремизм және сепаратизм. Осы зұлымдықтарға қарсы күресте Қазақстан ШЫҰ-ға мүше елдермен бірге әрекет етеді. Себебі бұл мәселелер бір елдің ғана емес, ол шекарадан асып, ортақ проблемаға айналған. Ал ортақ проблемамен бірігіп күрескен тиімдірек. Сол сияқты су, энергияның жетіспеушілігі өте өзекті. Осының бәрі күн тәртібіндегі басты мәселелер», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Астанадағы саммитте Шанхай ынтымақтастық ұйымының қатары жаңа мемлекетпен толығады. Дәлірек айтқанда, Беларусь ұйымға мүше болып кіреді. Осылайша ШЫҰ-ға он мемлекет мүше болады.

Осы орайда Жансая Нұралиева Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы да ойын айтты.

«Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Ал бүгін Си Цзиньпин біздің бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп жатыр. Сұхбатын оқитын болсақ, ол кісі біздің ел туралы өте жақсы пікірде екенін аңғаруға болады. Қытай төрағасы болғалы бері Қазақстанға бесінші рет келейін деп жатыр екен. Жалпы бір басшының басқа елге мемлекеттік сапармен бара беруі өзара сенімділік, өзара достық, әріптестік сипат алғанын білдіреді.  Оның үстіне біз Қытаймен стратегиялық серіктеспіз, сауда-экономикалық жағын айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар былтыр визасыз жүруге рұқсат берілді. Яғни Қазақстан азаматтары Қытайда отыз күнге дейін визасыз жүре алады. Бұл да екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының жаңа бір белесі деп айтуға болады», - деп пікір білдірді сарапшы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.