$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.02.2020, 11:32
Саясат

«Арызыңды жаз да, кет»: Баталов жұмыстан қуған шенеунік қызметін сақтап қалды

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары ескертумен құтылды

«Арызыңды жаз да, кет»: Баталов жұмыстан қуған шенеунік қызметін сақтап қалды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыстан қуған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары лауазымды қызметтен кетпейтін болды. Көптің көзінше сынға іліккен Асхат Қалиасқаровқа көпбалалы аналар араша түскен деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Облыс әкімінің халықпен есеп беру жиынында Талдықорған тұрғыны өңір әкіміне шағымданып, Асхат Мейрамғалиұлының өзін сергелдеңге салып қойғанын айтқан еді. Оның айтуынша, ата-анасынан мұраға қалған пәтерді рәсімдеуге жауаптылар кедергі келтірген. Қоластындағы шенеуніктің жауапсыздығына ашуланған Амандық Баталов: «Маған құрғақ сөз керек емес. Арызыңды жаз да, бар», - деген еді.

Алайда, лауазымды қызметке өткен жылдың тамыз айында ғана тағайындалған Қалиасқаровқа көпбалалы аналар араша түсті.

«Ол (Асхат Қалиасқаров - ред) арыз жазбады. Есеп беру кездесуінен кейін, көпбалалы аналар бізге хабаралсып, өтініш айтты, бір тұрғынның арызы бүкіл халықтың пікірі емес деді. Аналар әлеуметтік желілерге және облыс әкіміне жеке-жеке хат жазып, қала орынбасарын орнында қалдыруды сұрады. Тұрғындардың пікірінше, Қалиасқаров көпбалалы аналармен жақсы жұмыс істейді. Осыған байланысты оны жұмыс орнында қалдыру туралы шешім қабылданды, бірақ бұдан былай ешкім оның жұмысына шағымданбауы үшін оған ескерту жасалды», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жукел.

Көпбалалы аналар арашалап қалған Асхат Қалиасқаровтың мойнына жүктелген міндет аз емес. Ол тұрғын үй, тұрғын үй қоры, коммуналдық шаруашылық, жолаушыларды тасымалдау, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, сертификаттау, стандарттау және метеорология, санитарлық тазалық, абаттандыру, су құбыры, энергетика, телекоммуникация, төтенше жағдайлар, аумақтық және азаматтық қорғаныс салаларына жауапты.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары