«Тоқаевтың тапсырмасын бюрократтар елемейді». Бақытжан Бұқарбай Ұлттық кеңестен шығып кетті
Ол халықтың мүддесіне қайшы әрекеттер мен пиғылдарды заңдастыруға араласқысы келмейтінін айтты
Баспагер, бірнеше кітаптың авторы Бақытжан Бұқарбай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Былтыр Кеңес әлі құрылмай тұрғанда оны қатты сынға алғандардың бірі болдым. Десе де, Кеңестің құрамына кіру туралы ұсыныс келгенде, халқымыз отыз жыл күткен саяси реформалар жүзеге асып қалады-ау деген үмітпен оның мүшесі болуға келістім. Саяси реформалар бойынша жұмыс тобындамын, осы күнге дейін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуге бағытталған ұсыныстар дайындауға белсенді атсалыстым», - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарды ескере отырып, президент Тоқаев жыл соңында саяси реформалардың бірінші пакетін жария етті. Яғни партия тіркеу жұмысын жеңілдету, бейбіт жиын ұйымдастыру үшін хабарлау жүйесіне көшу сияқты оң өзгерістерді заңға енгізу туралы нақты тапсырма берді.
«Өкінішке қарай, министр Абаевтың ведомствосы әзірлеген «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы президенттің тапсырмасына сай болмай шықты және ол халықтың, азаматтардың мүддесіне қайшы болып отыр. Бұған қоса саяси тұтқындардың әлі күнге дейін босатылмағанын айта кеткен жөн. Жанболат Мамайға партия құру жолында тосқауылдар жасалып жатқанын да көріп жүрмін. Осының барлығы Тоқаевтың тапсырмаларын оның астындағы бюрократтардың елемейтінін аңғартып отыр», - деп жазды ол.
Оның айтуынша, бұл Ұлттық кеңестің бүгінгі таңда еліміздегі саяси реформаларға ешқалай әсер ете алмайтын ұйым екенін көрсеткен.
«Нақты саяси реформаның орнына көзбояушылық болса, қандай нәтижеге тірелетінімізді Тоқаевқа арналған кітабымда жаздым және оның президентке жеткенін білемін. «Prezident» деп аталатын кітабым сіздер үшін де қолжетімді. Мен халқымның алдында адал болғым келеді. Халықтың мүддесін әрдайым бәрінен жоғары қоямын. Кеңестің құрамында елімізге пайда әкелетін өзгерістер үшін барымды салып, қолдан келгенше тырыстым, бірақ Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына ақыры көзім жетіп отыр. Мен халықтың мүддесіне қайшы әрекеттер мен пиғылдарды заңдастыруға араласқым келмейді, сол себепті Ұлттық кеңестің құрамынан шығатынымды мәлімдеймін», - деді ол.