Қордайдағы қақтығыс: Жамбыл облысының әкімі ауысты
Асқар Мырзахметовтың орнына Жамбыл облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды
Бұл ақпаратты Ақорда сайты хабарлады.
«Мемлекет басшысының жарлығымен берілген өтінішіне орай Асқар Исабекұлы Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметінен босатылды» және «Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметінен босатылсын», - делінген хабарламада.
Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына 2018 жылдың 10 қаңтарында әкім болып тағайындалған еді. 2019 жылы шілде айында өкілеті ұзартылды.
Мырзахметовтың облыс басшылығы қызметінен босауына 7 ақпан күні Қордай ауданында болған қақтығыс тікелей себеп болып отыр. Қордай ауданында болған жанжал салдарынан бірнеше үй мен автокөлік өртеніп, 11 адам қаза тапқаны хабарланды. Қазір оқиға орнында үкіметтік комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды. Енді міне, арада бір күн өтпей жатып 2 жыл облысты басқарған Асқар Мырзахметов те қызметінен кетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Жамбыл облысының әкімі болған Асқар Мырзахметовке ескерту жасаған. 2019 жылдың қарашасында Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зорланған оқыс оқиғаға байланысты облыс басшысына ескерту жасап, Тараз қаласы әкімін қызметтен босатуды тапсырды.
Қордайдағы қақтығысқа ұқсас жағдай 2015 жылы ОҚО-ның Сарыағаш ауданы Ынтымақ және Бостандық ауылдарында да тіркеліп, қазақ жастары жаппай көшеге шығып, сол ауылдағы жергілікті этникалық тәжіктерге тиесілі ондаған үй мен көліктер өртенген еді. Аталмыш жанжал сол кездегі ОҚО-ны басқарған Асқар Мырзахметовтың тұсында болды.