Тараздағы зорлық: Тоқаев қала әкімін қызметінен босатуды тапсырды
Кеше Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты Білім басқармасының басшысы өз еркімен қызметінен кеткен еді

Таразда болған зорлық туралы хабар Мемлекет басшысына да жетіпті. Президент Тоқаев бүгін твиттердегі жазбасында Жамбыл облысының басшысына оқушы зорланған оқиға үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырды.
«Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым», - дейді Қ.Тоқаев.
Жақында Тараз қаласындағы мектептерінің бірінде 38 жастағы ер адам мектеп оқушысын зорлағаны туралы ақпарат тарады. Осы оқиғаға байланысты мектеп директоры, орынбасары, физика мұғалімі мен вахтер қызметінен босатылды. Сондай-ақ кеше облыстық Білім басқармасының басшысы өз еркімен қызметінен кетті.
Қайрат Досаев Тараз қаласы әкімі болып 2019 жылдың 24 сәуірінде тағайындалды. 1965 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар.
1987 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, 2007 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін экономист мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1987 жылы «Казсельхозмеханизация» ғылыми-өндірістік бірлестігінің инженері қызметінен бастаған.
1994-1996 жылдары «Алтын диірмен» АҚ инженері, «Дешт» ЖШС директоры болып жұмыс істеген.
1998-2001 жылдары Қазақстанның төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының көмекшісі, 2001-2007 жылдары Алматы облысы әкімінің көмекшісі, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Қаратал ауданының әкімі, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау басқармасының басшысы, тарифтер жөніндегі басқарма басшысы, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
2007-2011 жылдары коммерциялық ұйымдарда еңбек етті.
2011-2014 жылдары «Қазспортинвест» АҚ вице-президенті қызметін атқарған.
2014-2017 жылдар аралығында Қордай ауданы әкімі қызметінде болды.
2017 жылдың наурызынан бастап, Шу ауданы әкімі болған.