Орталық Азия тұрғындарының Қытай туралы пікірі қандай?
Қытайдың экономикалық ықпалы күшеюде және сонымен қатар оған қатысты теріс көзқарас та қалыптасып жатыр
Кеңес Одағы құлағаннан кейін Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігін мойындаған және олармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы елдердің бірі Қытай болды. 30 жыл өте келе Қытай Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты елдердің жетекші әріптесіне айналды. Ресми Бейжіңнің өңірге құйған инвестиция көлемі орасан. Сонымен қатар, Қытай өзінің инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асырып, «жұмсақ күшін» де тиімді түрде қолданып келеді.
Соның бірі – 2013 жылы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин іске қосқан әлемде баламасы жоқ «Бір белдеу, бір жол» инфрақұрылымдық жобасы. Қытай саясаткерлері Оңтүстік-Шығыс Азияны Еуропамен жалғайтын, сонымен қатар Африканың кей бөлігін де қамтитын аталмыш жобаны іске қоспас бұрын дамыту жобаларын жүзеге асыру үшін құрлық және теңіз дәліздерін де ескерген. «Бір белдеу, бір жол» жобасы байырғы Ұлы Жібек жолы іспеттес Орталық Азиядан Еуропаға дейін созылатын және оңтүстігінде Үндістан мен Пәкістанға дейін жерлерге жететін логистикалық дәліз етіп ойластырылған.
Жоспарларға сәйкес, Си Цзинпиннің ауқымды, сыртқы саясат үшін маңызы бар жобасының аясында қытай компаниялары мен банктері жолдардың құрылысын қаржыландырады, 5G желілерін, электр стансаларын, порттар, темір жол желісін салмақшы. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадамдар алдағы уақытта ресми Бейжіңнің саяси және экономикалық ықпалын одан әрі күшейтпек.
Осыған орай, аталмыш жобаларға және жалпы Қытайға қатысты көршілес елдердің азаматтыр не ойлайды деген заңды сұрақ туындамақ. Осы мәселе аясында Орталық Азия елдерінің тұрғындарының пікірі кеңінен зерттелген екен. Қолданылған зерттеу әдісі – сауалнама.
Орталық Азиялықтар өз елдеріне қатысты Қытайдың ықпалын қалай бағалайды?
The Central Asia Barometer зерттеу орталығы жүргізген зерттеуде Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік, саяси және экономикалық атмосфера 1 мыңнан 2 мыңға дейін респондентті қамтыған интервьюлер көмегімен талданды. Айта кетерлігі аталмыш мониторинг 2017 және 2021 жылдар аралығында жүргізілген. Алынған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарының арасында Қытайға қатысты жыл сайын теріс пікірдің қалыптасу тренді бар. Әсіресе бұл Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының арасында қатты байқалады (4 жыл бойы теріс пікір сақталып келген – 2017-2021). Қырғызстандықтардың теріс пікірі, өз кезегінде, жылдан жылға өсіп келген.
Қалыптасып келе жатқан теріс көзқарасқа қарамастан Қытай өңірдегі басты серіктес ретінде рөлін сақтап келеді
Айта кетерлігі, өңірге құйып жатқан Қытай инвестициясы артқан сайын Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда оған қатысты теріс пікір жылдан жылға күшейе түсуде.
Төменде көрсетілген диаграммаға сәйкес, 2021 жылдың күзінде сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 25%-ы «өте теріс», ал әрбір бесіншісі (20%) «теріс» пікір ұстанатынын жеткізген. Яғни азаматтардың жартысына жуығы (45%) Қытайды «жақтырмайтын» болып шыққан. Дәл осы көрсеткіш 2017 жылдың көктемінде 16%-ды құраған. Бұл дегеніміз – 29%-ға құлдырау. Сонымен қатар, Қытайға қатысты оң көзқарас ұстанатындардың саны азаюда.
2020 жылдың соңына қарай Орталық Азияға құйылған Қытайдың инвестициясының жалпы көлемі 40 миллиард долларды құраған екен (оның жартысынан көбі Қазақстанға тиесілі).
Өзбекстандық тараптың айтуынша, 2018 бен 2021 жылдар аралығында ресми Бейжің елге 9 миллиард доллар инвестиция құйған, ал Қырғыз ағайындар 2019 жылы Аспан асты елінен $301 миллион доллар алған. Осынау ауқымды «Бір белдеу, бір жол» инвестициялары Орталық Азиялықтардың Қытайға қатысты көзқарастарына әсер етті ме?
Central Asia Barometer-дің өткізген зерттеуінде «оң» көзқарас ұстанатындардың Қазақстанда едәуір азайғандығын аңғаруға болады.
Бұндай теріс пікірдің қалыптасу трендін саяси жағдайлармен байланыстыруға болады. Нақтырақ айтар болсақ, Шыңжаңдағы түркітілдес халықтарды қудалауы әсер еткен деп айтуға болады. Этникалық ұйғырлар, қазақтар және қырғыздардың Қытайдың ең үлкен өңірінде қудалануы үлкен наразылық акцияларына алып келді: соның ішінде Алматы және Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалар бар. 2021 жылдың наурызында аталған қалалардан бөлек, Орал, Шымкент және Ақтөбеде «Қытайдың белең алып жатқан ықпалына және Шыңжаңдағы түркітілдес халықтардың жаппай қамалуына қарсы» деген ұранмен наразылық акциялары өтті. Сол жылдың желтоқсанында Қытайда қамауда отырған қазақтардың туыстары Алматыдағы Қытай консулдығының алдында 300 күн бойы наразылық шарасын ұйымдастырған болатын. Жалғыз талап – абақтыда отырған туыстарын босату.
Қытай инвестицияның келуі – оның жұмыс күшінің келуі дегенді де білдіреді. Қазақстандықтар бұл фактілерге аса қарсылық білдіреді және бұны ресми Бейжіңнің өз ықпалын күшейту мақсатында жасайтын қадамдары деп біледі.
Жоғарыдағы диаграммада қазақстандық азаматтардың арасында қытайлық жұмысшылардың еліміздің энергетика және инфрақұрылым салаларында еңбек етуіне қатысты пікірі талданған. 2018 жылдың күзінде қытайлық жұмыс күшінің келуіне қарсылық білдіргендердің үлесі 61%-ды құраса, 2021 жылдың күзінде бұл көрсеткіш 78%-ға дейін ұлғайған.
Бұл факторлардың барлығы сайып келгенде қазақстандықтар арасында ресми Бейжің жайлы теріс пікірдің қалыптасуына алып келген деп айтуға болады.
Үшінші диаграммаға сәйкес, азаматтардың 65%-ы Қытайдың Қазақстанда энергетика және инфрақұрылымдарын дамытуына үзілді-кеcілді қарсы.
2016 жылдың сәуірінде Қазақстанның бірнеше қаласында «жер митингі» деп аталып кеткен наразылық акциялары өтті. Осы уақытта қазақстандықтар арасында Қытайға қарсы сентименттің де күшейгенін аңғаруға болады. Бұл фактор да теріс пікірдің қалыптасуына әсер етті.
Зерттеушілердің жазуынша, Өзбекстандағы Қытайға қатысты қоғамдық пікірдің кері жаққа ұмтылып бара жатыр. Мысалы, Қытайға қатысты «оң көзқарас ұстанамын» деушілердің үлесі 2018 жылдың көктемінде 70%-ды құраса, 2021 жылдың көктемінде бұл көрсеткіш 32%-ға дейін төмендеп кеткен.