Тоқаев «командамен» жүретіндерді, «бәке-сәкелеп» жұмысқа кіретіндерді сынады

Президент Қазақстанға қоғам сұранысына жауап бере алатын басқарудың жаңа моделі керек екенін айтты

Тоқаев «командамен» жүретіндерді, «бәке-сәкелеп» жұмысқа кіретіндерді сынады
фотолардың авторы: Батыржан Беспаев

Президенттік кадрлық резерв мүшелерімен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жаңа басқару моделі керектігін айтты.

«Соңғы жылдары әлемнің көп елдерінде толастамай жатқан протестік толқын өзгерістер қажеттігін көрсетуде. Адамзат төртінші өндірістік революцияны бастан кешіп жатыр. Ал мемлекеттік басқару принциптері ондаған жылдар бойы өзгерген жоқ. Көптеген елдердің Үкіметі тұрақты дамуды қамтамасыз ететін мемлекеттік басқарудың тиімді жолын іздеуде. Қазақстанға да басқарудың жаңа моделі керек. Ол әділ, тиімді, қоғам сұранысына жауап бере алатындай болуы керек. Сонымен бірге, ол ең заманауи технологияларға сүйеніп жасалуы керек», - деді ол.

Тоқаев осыған байланысты алдағы жылдары мемлекеттік қызметкерлер санының қысқаратынын ескертті.

«Одан үнемделген ақша басқа пайдалы жұмысшыларды ынталандыруға жұмсалады. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар жұмысшыларының саны 25%-ға қысқарады. Бұл механикалық принципте емес, кей қызметтерді аутсорсингке берумен жүзеге асады», - деді Тоқаев.

Президент шенеуніктердің өздерін жоғары ұстауын тоқтатып, олар да халықтың бір бөлігі екендігін түсінетін уақыт жеткенін ерекше атап өтті.

«Олар ескіше жұмыс істеп, елдегі модернизациялық процестерді шектеп жатыр. Проблеманың бірі - мемлекеттік басқару жүйесіндегі командалық ауысу. Есептердегі көрсеткіш 4-6%. Іс жүзінде әкім немесе министр ауысқанда кадрлық құрам қатты өзгеретіні жасырын емес. Әлі күнге дейін «қамқорлық» және қызметте таныстық арқылы көтерілу жағдайлары кездеседі. Біз мұны бәріміз білеміз, рас қой», - деп Тоқаев шенеуніктерді сынап өтті.

Сонымен бірге Президент соңғы жылдары мемлекеттік аппараттағы 500-ге жуық өзгерістер, оның ішінде министрліктердің жиі қайта құрылу процестері мықты мамандардан айырылып қалуға әкеп соққанын айтты. Сабақтастық болмаған соң, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі де азайған.

«Бөлім бастықтары инелік секілді бір қызметтен екіншісіне секіріп жүреді. Бір жыл істейді де, сол министрлікте немесе басқа жерде лауазым талап етеді. Біз мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік пакетін жақсартуымыз керек. Мысалы, Жапонияда адамдар департамент бастығы қызметінен зейнетке кетіп жатады. Себебі жалақысы жақсы. Қайта абыройы бар. Біз де соған келуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік қызметкерлер ең алдымен халық үніне құлақ асуы тиіс екенін тағы да ескертті.

«Қоғам өкілдерінде биліктің іс әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айтатын мүмкіндік болуы қажет. Әр дауысты ескеруіміз керек. Ол үшін қажетті механизмдерді дамытамыз. Өңір тұрғындарының пікірін ескеру үшін «халық қатысатын бюджеттер» жобасы жасалады. Ашық үкімет порталы маңызды сұрақтарды жұрт талқысына салу мақсатында мүмкіндіктерді кеңейтуі тиіс», - деп сөзін түйіндеді.

Айта кетейік, Президенттік жастар кадрлық резервіне енген 300 жас алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметтерге орналасады. Қазірдің өзінде олардың 55-і жаңа қызметке бекітілген. Биыл резервке енген 100 адамды қызметке тағайындау жоспарланып отыр. Резерв жасақтау үрдісі алдағы жылдары да жалғасады.

Оқи отырыңыз: Атырау әкімінің ұлы, «Халық банк» төрағасының тұңғышы - Президенттік кадр резервіне енгендер

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.