$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.01.2020, 17:43
Саясат

Мамин «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің төрағалығынан кетті: Үкімет ауыса ма?

Асқар Мамин былтыр 25 ақпанда Үкімет басшысы болып тағайындалды

Мамин «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің төрағалығынан кетті: Үкімет ауыса ма?

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесі құрамынан шығарылды. Тиісті қаулы «eGov» азаматтарға арналған Үкімет порталында жарияланды. Онда Директорлар кеңесі құрамынан Маминнан бөлек ҚР Президентінің көмекшісі Тимур Сүлейменовтың де кеткені жазылған. Сүлейменовтың орнына кеңеске жақында Президент көмекшісі болып тағайындалған Қанат Бозымбаев кірді. Қаулы 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген.

Айта кетсек, «Самұрық Қазына» қорының жалғыз құрылтайшысы және акционері – Үкімет. Ұлттық әл-ауқат қоры туралы заңға сәйкес (2012 ж 1 ақпандағы № 550-IV Заңы) Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін Премьер-министр атқаруы тиіс. Бұл туралы аталған заңның 8-бабы, 2 тармағында жазылған.

«Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымы бойынша Қордың директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады»,- делінген.

Алайда, Премьер-министр міндетті түрде Ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің төрағасы болатыны туралы тармақ 2020 жылдың 1 қаңтарында өз күшін жойды.

Бұдан бұрын заңда директорлар кеңесінің құрамы да бекітілген болатын. Ол төмендегідей болды:

– ҚР Премьер-Министрі – Қордың жалғыз акционерінің өкілі;

– Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бірінші басшысы;

– Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі;

– Төрт тәуелсіз директор;

– Қордың басқарма төрағасы.

Ал қазір Ұлттық әл-ауқат қоры Директорлар кеңесінің төрағасы тәуелсіз директорлардың жасырын дауыс беруімен сайланады. 

«Самұрық Қазына» АҚ-ның ресми сайтында бұрынғы құрам әлі жаңартылмаған. Ресми сайттағы мәліметтен тәуелсіз директорлардың үшеуі шетелдік, бірі қазақстандық екенін байқауға болады. 

Ұлттық әл-ауқат қоры туралы заңға сәйкес, Асқар Мамин кеңес төрағалығынан кетсе, Премьер-министрліктен де кетеді деп болжауға бола ма? Мысалы, Бақытжан Сағынтаев 2019 жылы 21 ақпанда Премьер-министр лауазымынан босатылып, наурыз айында «Самұрық Қазына» ҰӘҚ АҚ директорлар кеңесінің төрағалығынан кеткен. Оның орнын Асқар Мамин басқан еді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары