$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.01.2020, 18:26
Саясат

Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының атқарушы хатшысын қабылдады

Кездесуде Қазақстанның жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүшелікке кіру мүмкіндігі талқыланды

Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының атқарушы хатшысын қабылдады

Бүгін Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының атқарушы хатшысы Джанлука Эспозитоны қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болып кіру мәселесі, сондай-ақ, Еуропа кеңесімен ықпалдастығының перспективалары туралы талқыланды. Бұл туралы ақпарат Ақорда сайтында жарияланды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына кіруге көрсетіп жатқан қолдауы үшін Еуропа кеңесіне ризашылығын білдіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда халықаралық ұйыммен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

– Біз аталған ұйымның қызметіне атсалысуға өте мүдделіміз. Бұл біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысымызға, сонымен қатар, ел дамуына кері әсер ететін басқа да мәселелердің шешілуіне тың серпін береді деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Джанлука Эспозито Қазақстан мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының ынтымақтастығы екі тарапқа да тиімді болатынын айтты.

– Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болуы жемқорлықпен күрестің принциптері мен тетіктерін жетілдіру ісіне ғана емес, сондай-ақ, бизнес-ахуалды жақсартуға, мемлекеттік қызмет көрсету жұмысын жандандыруға да септігін тигізеді, – деді ұйымның атқарушы хатшысы.

Серіктес жаңалықтары