«Ақша бопсалаған»: Алматыда екі жасөспірім қаза тапқан төбелеске қатысты сот өтіп жатыр
Қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың үшеуі бес айдан бері қамауда отыр, қалғандары үйқамақта.
Алматыда жаппай төбелес кезінде екі 17 жастағы жасөспірімнің қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша сот басталды. Бұл іс бойынша 17 мен 21 жас аралығындағы алты адам айыпталушы ретінде жауап беріп жатыр, хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Істер бөлек қаралып жатыр. Алдыңғы күні сот жасөспірімдердің бірін өлтіру дерегіне қатысты алғашқы істі қарауға кірісті.
Бұл іс бойынша бір адамға «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған. Екіншісі тонауға күдікті, ал қалғандары бұзақылық жасады деп айыпталып отыр.
Үш айыпталушы бес айдан бері қамауда отыр. Қалған үшеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
«Біз қылмыстық істерді бір өндіріске біріктіру туралы өтініш бердік. Оқиға бір жерде болған, төбелес те бір мезетте болған, істер өзара тығыз байланысты. Сондықтан оларды бір іс аясында қараған дұрыс. Неге десеңіз, куәгерлерден жауап алынады. Олар біздің іс бойынша да куәгер ретінде өтуі мүмкін», – деді адвокат Мейрман Шекеев.
Еске салайық, қайғылы оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Жаппай төбелес кезінде екі кәмелетке толмаған жасөспірім пышақ жарақатын алған. Ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оларды аман алып қала алмады. Полиция барлық күдіктінің ұсталғанын хабарлаған.
Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында жасөспірімдерге өлімге әкелген жарақаттарды кім салғаны анықталған. Күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар қаза тапқан жасөспірімдердің бірінің туыстары күдіктілердің бірі бірнеше ай бойы ұлдарынан ақша бопсалап келгенін айтқан. Ал Ішкі істер министрлігі осы оқиғаға байланысты үш қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.