Қазақстанда тағы бір жас фельдшер қызмет барысында жарақат алып, көз жұмды: министр көңіл айтты
Қайғылы оқиға 3 желтоқсанға қараған түні болды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыда жас фельдшердің жол апатынан қаза болғанын растап, көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы жол-көлік оқиғасы 3 желтоқсанға қараған түні болды.
«Жедел медициналық жәрдем фельдшері Насиба Мұхтарқызы Жаңабаеваның қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым.
Насиба небәрі 23 жаста еді, төрт ай бұрын ғана Алматы қаласының Жедел жәрдем қызметіне жұмысқа тұрған болатын. Осы қысқа уақыт ішінде ол өз міндетіне жауапты, адал, жанашыр, әрқашан көмек көрсетуге дайын медицина қызметкері ретінде танылды.
Насиба Мұхтарқызының туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне және Алматының бүкіл медициналық қауымдастығына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазды Ақмарал Әлназарова.
Айта кетейік, Алматыда жедел жәрдем көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысып, салдарынан «103» көлігінің жолаушысы қаза тапқаны хабарланған. Артынша қаза тапқан адамның жедел жәрдем фельдшері екені анықталды.
Еске салайық, осыған дейін Астанада жарақат алған адамдарға көмек көрсету кезінде үстіне кондиционер құлап кеткен жас фельдшер Ұлдана Мырзуан аурухана төсегінде қайтыс болғаны хабарланған.