Экс-банкир Жомарт Ертаев кінәсін толықтай мойындады
Бұл қылмысы үшін бұрынғы банкирге 7 жыл мен 12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін
Алматыда бірнеше күн үзілістен кейін қайта басталған сот отырысында бұрынғы банкир Жомарт Ертаев сөз алып, кінәсін толықтай мойындайтынын айтты. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Бас сот талқылауында айыпталушы RBK Bankінен ірі көлемде қаржы ұрлағанын және қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырғанын мойындады. Ол сыбайластарымен бірге ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталып жатыр. Бұл қылмысы үшін оған 7 жыл мен 12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Айта кетейік, Жомарт Ертаев пен оның сыбайластырына қатысты сот отырысы 12 желтоқсанда басталған болатын. Басты күдіктінің бірі – «Qazaq Bank» акцинонері Бақыт Ибрагимді интерпол былтыр сәуір айында Германияда ұстап, маусым айында Қазақстанға экстрадициялаған еді. Оған «Qazaq Bank» акцияларының 10,71 пайызы тиесілі.
Бақыт Ибрагим ҚР ҚК 189 бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) 4-бөлігі, 2-тармағы, 28 бабының ( Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушы) 3 бөлігі бойынша айыпталып отыр.
Қазақстанның бизнес-қауымдастығы үшін резонанс тудырған Жомарт Ертаев 2009 жылдың тамыз айында тұтқындалған. Ол кезде оған Альянс банктің бұрынғы төрт басшысымен бірге 1,1 миллиард долларды жымқырды деген айып тағылған еді. 9 айын тергеу изоляторында өткізген қаржыгер қомақты айыппұл төлеп құтылған.
Бұл істі Алмалы аудандық сотының судьясы Роман Селицкий қарап жатыр. Соттталушылардың саны 36 адам, жәбірленуші үшеу. Барлығы 700 томнан тұратын қылмысты іс бойынша 46 эпизод қарастырылады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы