Қасым-Жомарт Тоқаев ХIV KazEnergy Еуразиялық форумына бейнеүндеу жасады
Осы аптада 90 елдің басшылары мен беделді тұлғалары Қазақстанда бас қосты
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік энергетика апталығы мен ХIV KazEnergy Еуразиялық форумы аясында өткен «Әлемдік энергетикалық трилемма 2021 – компоненттер теңгерімі: энергетикалық аймақтар бойынша өзгерістер навигациясы» атты жаһандық пленарлық мәжілісте бейнеүндеу жасады.Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Орталық Азия аймағында алғаш рет өткізіліп отырған Дүниежүзілік энергетика апталығының ұйымдастырылуын қолдады.
– Осы аптада 90 елдің басшылары мен беделді тұлғалары Қазақстанда бас қосты. Глазгода өтетін Климаттың өзгеруі жөніндегі СОР26 конференциясының қарсаңында қол жеткізілген нәтижелер мен ортақ болашаққа қатысты көзқарастарымызды талқылау үшін жиналдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы бағыттағы ұлттық басымдықтар мен міндеттемелер туралы айта келіп, Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күрес пен Париж келісімінің мақсаттары жолындағы жаһандық күш-жігерді толық қолдайтынын атап өтті.
Сонымен қатар Президент әлемнің жаңа даму кезеңіне қадам басқаны туралы пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар қазба отын түрлерінен жаңартылатын қуат көздеріне, сутегі мен ядролық энергияға көшуді талап етеді.
– Мен Үкіметке 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруде жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін 15 пайызға жеткізуді тапсырдым. Қазіргі таңда 2000 МВт-қа жуық жаңартылатын қуат көздері пайдалануға берілді. Қазақстанның көздеген мақсатқа жету жолындағы бағыты дұрыс. Алайда, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін тек жаңартылатын энергияға иек арту жеткіліксіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұстанған саясатына сәйкес Үкіметтің энергия өндіру, энергияны үнемді пайдалану, цифрландыру және тұрақты экономикалық өсім сияқты негізгі бағыттарды ілгерілетуге ықпал ететін бірқатар ұлттық жобаларды әзірлеп жатқанын атап өтті.
– Бұл жобалар аса маңызды, өйткені олар миллиардтаған адамның бизнес жүргізуінің және күнделікті өмірінің «жаңа нормасына» айналады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында Форумның пікірталас платформасының бірегейлігіне тоқталды. Осы ретте аталған жиын әлемнің жаһандық мақсатқа – климаттың өзгеруіне тосқауыл қоюға қол жеткізуіне септігін тигізетін қазіргі үрдістерді, болжамдар мен жоспарларды қарастыру үшін жетекші сарапшыларға жақсы мүмкіндік беретінін жеткізді.