«Кінәлі болса, кету керек». Амандық Баталов Бағдат Мәнізоров туралы
Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп жатқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қатысты сұрақ қойылатыны анық еді

Баталов тергеуге қатысты пікір айтпаса да, маман ретінде Бағдат Мәнізоровтің жұмысын мақтады.
«Тергеу қатысты пікір білдіре алмаймын. Жеке пікірімді айтайын. Біріншіден, ол жұмыс істеп жүргенде Алматыдан сондай хабар тарады (Бағдат Мәнізоровті жемқорлыққа қарсы күрес қызметі ұстады - авт). Маған келіп, сондай оқиға болып жатқанын айтып, демалыс сұрады. Мен бердім. «Жоқ, демалыс бере алмаймын, жұмыстан шығарамын» дей алмаймын. Оның үстіне оқиға Алматыда болған», - дейді Амандық Баталов.
Амандық Баталов орынбасары болғанына небары екі-ақ ай толған Мәнізоровті бұрыннан танитынын, оның кәсіби қызметіне сын таға алмайтынын айтты.
«Бағдат Мәнізоровті бұрыннан білемін. Бірқатар тапсырма бердім, оны орындады, әсіресе, Арысқа қатысты қатты көмектесті. Егер кінәлі екені дәлілденсе, жұмыстан кетуі керек. Ал менің жұмыстан кету-кетпеуімді Үкімет басшысы шешеді. Керек болса, кез келген уақытта немерелеріммен ойнап, кете саламын. Одан (әкім қызметінен кетуге - авт) қорықпаймын. Бірақ, бір күн істесем де, адал қызмет істеймін», - деді Баталов.
Еске салайық, Бағдат Мәнізоровтың ұсталғаны туралы ақпарат биыл қыркүйек айының соңында жарияланған болатын. 27 қыркүйекте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов бұл ақпаратты растады. Ал, қараша айының басында Бас прокуратура аталған қылмыстық істі тоқтатылғанын айтып, Мәнізоров жұмысына қайта оралды. Ол Azattyq Rýhy-на берген эксклюзивті сұқбатында өзіне тапсырыс беріп, дұшпандары аяқтан шалмақ болғандарын айтқан болатын.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан