Тоқаев: ЕАЭО – жаһандық экономикадағы маңызды субъект
Сондай-ақ Президент одақ аясындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін берілетінін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Ең алдымен, осы өте маңызды іс-шараға қатысқаны үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына, байқаушы елдердің көшбасшыларына және барша қонақтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Еуразиялық экономикалық форум еуразиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диалог жүргізетін тиімді алаң ретінде кеңінен танылып отыр. Бүгін айтылған идеялар, бастамалар мен ұсыныстар Интеграциялық одақ аясындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенімдімін. ЕАЭО – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономикадағы маңызды субъект екенін түсінуіміз керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент ЕАЭО алдағы міндетіне тоқталды.
«Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біздің алдымызда Еуразия экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр. Дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде біз теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақтарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толықтай жаңартады. Осыған орай бүгінгі форум тақырыбының өзектілігі арта түсті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.