Астанада мәслихат сайлауы күні қоғамдық көлік тегін болады
Қоғамдық көлік белгіленген кестеге сәйкес сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін штаттық режимде жұмыс істейді
29 қарашада, мәслихат депутаттарын сайлау күні Астанада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінде (LRT), сондай-ақ қалалық, экспресс және қала маңындағы бағыттарда жол жүру тегін болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорда тұрғындары мен қала қонақтары қоғамдық көлікті ақысыз пайдалана алады. Бұл шара азаматтардың қатынауын жеңілдету және сайлау учаскелеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында қабылданған.
Қоғамдық көлік белгіленген кестеге сәйкес сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін штаттық режимде жұмыс істейді.
30 қарашадан бастап қоғамдық көлікте жол жүру қолданыстағы тарифтер бойынша жүзеге асырылады. Жолаушыларға сапарларын жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеру ұсынылады.
Айта кетейік, 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Сайлаушылар 228 мәслихаттағы 3 447 депутатты таңдауға тиіс. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
