Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды

Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллион азамат енгізілді

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Бүгін, 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллион азамат енгізілген. Олар жергілікті өкілді органдардың құрамын анықтайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еліміздегі 10 338 сайлау учаскесі сағат 07:00-де ашылып, 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал 556 учаске әскери бөлімдерде, медициналық мекемелерде, санаторийлерде, вахталық кенттер мен кемелерде сағат 06:00-де ашылды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда 12 679 459 сайлаушы бар.

Сайлауға барлығы 10 582 кандидат қатысады. Оның 1 160-ы 20 өңірдегі 97 партиялық тізімге енген. Олар 334 мандатқа үміткер. Ал бірмандатты округтер бойынша 9 422 кандидат тіркелген.

Партиялық тізіммен сайлауға жеті партия қатысады: «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстан Халық партиясы, «Respublica», «Ақ жол», «Байтақ» және «Әділет».

Бұл науқан аясында 228 мәслихаттың құрамы жасақталып, 3 447 депутаттық мандат бөлінеді. Депутаттар бес жыл мерзімге сайланады.

Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалаларда аралас сайлау жүйесі қолданылады. Депутаттардың жартысы партиялық тізіммен, қалғаны бірмандатты округтер арқылы сайланады. Ал аудандық мәслихаттар мен облыстық маңызы бар қалаларда депутаттар бірмандатты округтер бойынша өтеді.

Сайлау қорытындысы 2026 жылғы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануға тиіс.

Дауыс беру бюллетеньдері төрт түске бөлінген:

  • Көгілдір – партиялық тізім бойынша дауыс беруге;
  • Жасыл – бірмандатты округтегі кандидаттарға;
  • Күлгін – облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына;
  • Қызғылт сары – аудандық мәслихаттарға арналған.

Барлық бюллетень А5 форматында әзірленген. Оларда «Барлығына қарсы» деген белгі бар.

Мысалы, Астана тұрғындары екі бюллетень алады: бірі – партияға, екіншісі бірмандатты округтегі кандидатқа дауыс беру үшін.

Сайлау учаскесін қалай табуға болады?

Сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын бірнеше онлайн сервис арқылы білуге болады. Ол үшін өңірді таңдап, ЖСН енгізу қажет.

Сондай-ақ бұл ақпаратты eGovMobile қосымшасынан тексеруге болады. Сайлау учаскелері туралы сілтемелер азаматтарға SMS және банктердің PUSH-хабарламалары арқылы да жіберілген.

Мақалада
#сайлау #Құрылтай