Жасанды интеллект әлемдегі миллиондаған жұмыс орнына әсер етуі мүмкін - Президент

Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект технологиялары жаһандық экономиканың жаңа бағытын айқындап, мемлекеттерді білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр етуі ықтимал

Жасанды интеллект әлемдегі миллиондаған жұмыс орнына әсер етуі мүмкін - Президент
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуы әлемдік экономика мен еңбек нарығына түбегейлі өзгеріс әкелетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Оның сөзінше, Қазақстан ЕАЭО аясында жасанды интеллектіні экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру құралы ретінде қолдануды ұсынып отыр.

«Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. Бұл жаңа технологиялық қалыптың түзілуіне алып келеді. Соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиясының енгізілуіне қарай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін», - деп атап өтті Президент.

Айтуынша, демек, шартараптағы жүздеген миллион адам жаппай білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс.

«Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болады. Цифрлық технологияларды қарқынды экономикалық және қоғамдық даму тетігіне айналдыра аламыз ба? Бұл – ең басты мәселе. Аз да болса амбициясы бар елдердің келешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен жылы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды», - деді Мемлекет басшысы.