«Геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес»: Тоқаев «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматының мәнін түсіндірді

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі, дейді Қазақстан президенті

«Геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес»: Тоқаев «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматының мәнін түсіндірді
Фото: Ақорда

Қазақстан Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады. Бұл туралы бүгін Түркістандағы саммит кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінде біздің Ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді. Қазақстан Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдайды. Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес. Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды», - деді Тоқаев өз сөзінде.

Осы ретте Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң екенін атап өтті.