$ 524.65  552.19  5.14
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.10.2024, 22:38
Кейіпкер

Астанадағы 2019 жылғы апат, жаңа жоспар: қосшылық параспортшы өмірін өзгерткен жағдайлар туралы айтты

«Каноэда өзің құласаң, өзің тұрасың»

Астанадағы 2019 жылғы апат, жаңа жоспар: қосшылық параспортшы өмірін өзгерткен жағдайлар туралы айтты
Фото: Фарида Қабылованың архиві

Тағдырдың сынағына мойымай, құлаған жерінен қайта тұрып, алға ұмтылатын жандар болады. Солардың бірі – отырып ойнайтын параволейболдан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны және каноэ спортынан жекелей сындарға қатысып жүрген қосшылық Фарида Қабылова, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фарида 1983 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді фармацевт маманы болған. Қосшы қаласындағы Лесная поляна шағын ауданында тұрады. Астанаға күнделікті қоғамдық көлікпен қатынап жүретін. Алайда 2019 жылы наурыз айында болған жол апаты оның өмірін 100 пайызға өзгертіп жіберді. 2019 жылдың 26 наурызында Астана қаласындағы Қабанбай батыр даңғылы мен Ұлы дала көшесінің қиылысында жойқын жол апаты көпшіліктің есінде шығар. Қосшыдан Астанаға келе жатқан №303 автобус екпіндеп келіп бағдаршамда тұрған №12 автобуспен соқтығысқан. Ірі жол апатынан екі адам көз жұмып, 27 жолаушы түрлі дене жарақатын алғаны. Осы зардап шекке жолаушылардың арасында Фарида да бар еді. №303 автобуста отырған Фариданың аяғы қатты зардап шеккен. Өлім мен өмірдің арасында жатқан Фариданы дәрігерлер бір аяғын тізеден кесіп, әзер аман алып қалады. Сөйтіп дені сау аман-есен жүрген Фарида бір сәтте екінші топтағы мүгедек болып шыға келеді.

«Мен жол апатынан кейін төрт-бес күн комада жаттым. Әлі есімде сол күні Ким деген бас дәрігер келіп, біз сіздің өміріңізді сақтау үшін өте күрделі оталар жасадық, сіз «родился в рубашке» деді. Осы сөз маған қанат берді. Кесілген аяғымды көріп, сол мезетте қатты бір жылап алдым да енді қайта жыламаймын деп өзімді қайрадым. Егер мен жылай берсем мені палатаның ар жағында күтіп тұрған балаларым мен анам, жолдасымның жігері құм болатынын білдім. Осылайша өмірімнің жаңа парағы ашылды», - дейді Фарида.

Көзіңізді ашып, аяғыңыздың жоқ екенін көргеннен кейін оны қабылдаған соң не туралы ойладыңыз?

Мен бір аяғыммның тізеден жоқ екенін саналы түрде қабылдағаннан кейін тұратын үйім есіме түсіп кетті. Сол кезде мен Лесная полянадағы бесқабатты үйдің бесінші қабатында төрт баламмен пәтер жалдап тұратынмын. Енді түсіп-шығатын аяғым жоқ, тиісінше лифт те жоқ, бесінші қабатқа қалай шығамын деген ой мазалады. Алайда өмірде жақсы адамдар өте көп. Өмірімде жаны жайсаң, қайырымды адамдар көп кездесті. Қосшы қаласының әкімдігі және осы жерде тұрғын үй салып жатқан құрылыс иелері жағдайымды ескеріп, бірінші қабаттан екі бөлмелі пәтер берді. Бұл менің көңіліме үлкен медеу болды. Бірінше қабатта тұрған кезде сыртқа кіріп-шығу аса қиындықтар туғызбайды. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, маған сол қиын сәтеттерден бері қолдау көрсетіп келе жатқан жақсы адамдардың бәріне, еріктілерге алғыс айтқым келеді.

Сізді аяп, мүсіркеп қарайтын адамдар бар ма?

 Егер айналамдағы жұрт маған түрлі қолдау беріп, көмек көрсетіп жатса, оны мүсіркеу, қорлау деп қабылдай алмаймын. Керісінше олардың жақсылықтарын дұрыс әрекет деп қабылдаймын. Екі аяқты пенденің Құдайдан кемтарлық пен мүгедектікті сұрап алмайтыны рас. Бұл - менің тағдырым. Оның үстіне мен өзімді кемтармын, мүгедекпін деп те қарап отыра бермеймін. Жалпы менің өмірім жол апатына дейін, жол апатынан кейін деп екіге бөлінді. Сол жолғы жол апатына дейін аяқ-қолым балғадай сау болса да, миым мүгедек болыпты. Ол кезде ешқайда бұрылуға, жалпы өмірдің мәні мен маңызы, құндылықтары туралы ойлауға мүмкіндігім, уақытым болмаған екен. Ал қазір аяғым жоқ болса да миым мүгедек емес. Сондықтан осы күніме де Аллаға шүкірлік айтамын.

 Қол-аяғы сау, шауып жүрген адамның бір мезетте мұндай күйге түсуі оңай емес екені белгілі. Күйзелістен қалай шықтыңыз?

– Негізі мен өзім табиғатымнан бірбеткей, айтқан сөзімде тұратын, мақсат қойсам соған жетуге тырысатын адаммын. Қазіргі жағдайымды, күйімді жылдам қабылдадым. Ақи­қатын айтайын, аяғымнан айырыл­ғаннан кейін, өзімді нашар сезінген сәттерім көп болды. Сондағы менің түсінгенім, адам күйзеліске түссе, саған ешкім көмектесе алмайды, тек өзіңе-өзің ғана көмекке келе аласың. Осындай қиын кезде өзімді жинақтап, бүгінгідей жетістіктерге жетуіме, параспортпен тұрақты түрде айналысуыма отбасымның мені толыққанды адам сияқты қабылдағаны, маған жасаған шынайы қамқорлықтары ықпал етті деп ойлаймын. Әйтпесе, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғамда мүсіркей қараудың соңы қалай боларын білесіздер.

Мен өзімді өзгелерден ерекшелемеймін. Мен ең алдымен анамын. Аяғымнан айырылғаннан кейін тағы да бір бөпелі болып, көпбалалы отбасы болдық. Қазір бес балам бар. Үлкен ұлым 20 жастан асты, қызым мен ұлым - студент, кішкентай ұлым мектепке барса, екі жастан асқан қызым балабақшаға барып жүр. Мен үйде анамын, жармын. Ол міндеттерімді бұрынғы сау кезімнен де артық атқарып жүрмін деп ойлаймын. Қазір отырып жасайтын үйдің барлық тірлігін өзім жасаймын. Басымдағы жағдайды өзіме берілген сынақ, мүмкіндік деп қабылдаймын. Қазіргі міндетім – сынаққа сынбай, рухымды биік ұстап жүру.

– Ал параспортқа қалай келдіңіз?

– Жол апатынан кейін айлап үйден шықпай отырдым. Шамамен бір жарым жылдай аяғымды баспай отыру керек болды. Себебі, аяғымды ұстап тұратын темірлер екінші аяғыма салмақ жасамауы қажет болатын. Бұл бірінші кезекте артық салмақтың артуына алып келді. Бұл әрине менің жүйкемді жұқартты. Сондықтан қазіргі жағдайымды қабылдап, өзім ұнайтын бір жұмыстармен айналысқым келді. Бұрынғы фармацевт саласынан мүлде кеттім, себебі оған денсаулығым келмеді.

Аяғыма протез алғаннан кейін екі күннен соң Астана қаласындағы параспорт орталығына хабарласып, алға қойған мақсатымды айттым. Өзім кішкентай күнімнен волейбол спортын жақсы көремін. Мектеп кезінен әуес болып, алтыншы сыныптан бастап айналысқанмын. Көп ойланбай, 2020 жылы осы спорт түріне келдім. Пара орталыққа келгеннен кейін өз ортамды және өмірімнің мотивациясын да – осы жерден таптым. Өзім сияқты түрлі тағдыр иелерін кездестірдім. Әрине волейболды отырып ойнау мүлдем бөлек. Басында қиыншылықтар көп болды. Бірақ барлық қиыншылықты жеңіп, өмірімнің жаңа бір парағын аша алдым. Біздің әйелдер құрамасының құрылғанына жеті жылдан асты. Командамыз әйелдер арасындағы параволейболдан Қазақстандағы әзірге жалғыз команда. Ерлердің командалары көп. Былтыр осы спорт түрінен Азия ойындары өткізілді. Оған жеті мемлекеттен командалар қатысты. Біздің топ ол жарыста  бесінші орын алды. Бұл - біздің алғашқы халықаралық жарысымыз. Алдағы уақытта жаңа, үлкен жетістіктер болады деп үміттенемін. Бұл жерде ойнап жүргеніме төрт жылдан асты. Қазір команда капитаны болдым.

Аптасына неше рет жаттығу жасайсыздар?

Аптасына үш-төрт рет жаттығу жасаймыз. Демалыс күндері де келіп тұрамыз. Ол өзіміздің денсаулығымыз үшін. Әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты жоқ. Сондықтан ерлермен жарысамыз.

Капитан ретінде сізді қалай таңдады?

Мені бапкерлер штабы мен құрама мүшелері таңдады. Біріншіден ойыныма қарап, екіншіден көшбасшылық қасиетімді байқаған болар деп ойлаймын.

– Параспорт сізге не берді?

– Спорт менің өмірімді өзгертті. Денсаулығым жақсарды. Осы жерде өзім сияқты тағдырлас адамдарды көп кездестірдім. Олардың басынан өткен қиындықтарына қарап шүкір етемін. Жақсы таныстар таптым. Сондықтан тағдырыма өте ризамын!

– Өмір болған соң бір орында тұрып қалмау керек. Ал сіздің қандай мақсаттарыңыз бар?

– Мақсатым көп...Бір орында тұрып қалсаң күйзеліске түсесің, дейді психологтар (күлді – AR). Өзімді жеке спортта сынап көргім келді. Жалпы параволейбол өзіңіз білетіндей командалық ойын. Сенің ойының командадағы адамдармен көңіл-күйімен тікелей байланысты. Әрі өзім де неліктен жекелей спортта бағымды сынап көрмеске деген ой туды. Құдайға шүкір оған да жеттім. Сосын параканоэ деген спорт түрін таңдадым. Ондағы жаттықтырушылар сіздің күшіңізді көріп отырмыз, сіздің осы спортқа мүмкіндігіңіз келеді деді. Себебі каноэ спортына қолдың күші аса қажет екен. Ал мен жаттықтырушыларға жүзу білмеймін, егер үйретсеңіздер осы спорт түрінен жекелей сындарға қатысамын дедім. 42 жасымда алғаш рет жүзуді үйрене бастадым. Жалпы бала күнімнен судан қорқамын, суға деген фобиям бар. Алайда өзіме қайтсем де суда жүзіп үйренемін деп мақсат қойдым. Міне сол мақсатыма жеттім. Қазір жақсы жүземін.

Осы жазда алғаш рет каноэмызбен Есіл өзеніне түстік. Талай рет қайықтан аударылдық, қазір де аударылып, құлап жатамын. Бірақ маған осы спорт ұнайды. Мен мұны тастағым келмейді. Жалпы каноэ спортының бір ерекшелігі суда қайықпен аударылып қалсаң, қайығыңды алып жағаға жүзіп келуің керек. Өзің құласаң, өзің тұрасың. Қайсарлыққа жақын спорт түрі менің де табиғатыма жақын болды. Осы жылы күздің басында Түркістан қаласында параканоэ спортынан жарыс өтіп, соған қатыстым. Ол сында үшінші орын алдым. Әрине нәтижелерім керемет, жақсы болды деп айта алмаймын. Бірақ осы жарыстың өзі менің осы спортқа деген басқаша азартымды оятты. Өзімді жаңа қырымнан таныдым. Болашақта параспорттың осы түрінен Астана құрамасына кірсем деген мақсатым бар. Осы мақсатта жұмыс істей беретін боламын.

– Бос уақытыңызды қалай пайдаланасыз? 

– Шыны керек, менде бос уа­қыт бола бермейді. Әр күнімнің өзіндік тәртібі, кестесі бар. Күн­делікті жаттығуларым бар. Қазір киіп жүрген протез мемле­кет есебінен ұсынылған қара­пайым протез. Ол про­тезім қарапайым қимыл-қозға­лысқа ыңғайсыз еді. Алайда жаңа айтқанымдай, өмірімде жақсы адамдар көп кездеседі, сол себепті мүмкіндіктерім де көп. Мен мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өзімнің спортшы екенімді, қазіргі протезімнің мүмкіндігі аз екенін айтып негіздеме өтініш жаздым. Кеше ғана маған әлеуметтік орталықтан хабарласып мемлекет есебінен қазіргі протезімнен мүмкіндігі он еседен көп германиялық протездің берілетіні туралы айтып қуантты. Сол қуанғанымды қазір сізге сөзбен жеткізе алмаймын. Сондықтан өмірде не қалайсың соны айтып, өзгелерге жеткізе білу қажет. Ол қалауың міндетті түрде орындалады.

– Жастарға, аяқ-қолы сау болса да өмірден қиыншылық көріп, түңіле беретін адамдарға қандай кеңес бересіз?

– Өмір қас-қағым. Сосын мен өмір бойы денім сау аман-есен жүре беремін деген кепілдік жоқ. Мен екінші топтағы мүгедек болғанға дейінгі өмірімді сараптап, сол кездері көп нәрсенің қадірі мен бағасына жетпегенімді түсіндім. Мен үшін қазір әрбір сәт, уақыт маңызды. Бұл сәт ертең қайталанбайды. Өмір көзді ашып-жұмғанша ағын судай өтіп кетеді, уақыттың, денсаулықтың қадірін жетіңіздер дегім келеді. 

– Сізге спортта толағай табыс, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, бақыт тілейміз! Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз.

Серіктес жаңалықтары