$ 524.65  552.19  5.14
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.10.2024, 10:54
Кейіпкер

«Біз үшін әрбір секунд қымбат»: Қосшыдағы құтқарушылардың қиын да қызық қызметі

Өрт сөндіру мамандары аса жауапты

«Біз үшін әрбір секунд қымбат»: Қосшыдағы құтқарушылардың қиын да қызық қызметі
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Құтқарушы болу – қиындықпен бетпе-бет келу. Елімізде осы бір мамандықты өмірінің мәніне айналдырған адамдар аз емес. Мұны біз Қосшыдағы құтқару қызметінде жұмыс істейтін әрбір қызметкердің көзінен байқадық. Олар өздері таңдаған мамандықты шын сүйеді әрі өздері еңбек ететін салаға жан-тәнімен берілген. Мұндай мамандар үшін атақ-абырой мен табыс та бірінші орында емес, маңыздысы – кәсіптеріне деген адалдық. Azattyq Rýhy тілшісі барған құтқару мекемесінде 50-ден аса адам жұмыс істеп жүр

Олардың арасында үш нәзік жанды маман бар, мұнда радиотелефоншы болып қызмет атқарады. Бөлімнің нәзік жандылары қайсар, өздерінің жұмыстарын өте жақсы біледі. Олар да 24/7 кестесімен күн-түн демей ерлермен қатар еңбек етіп жүр. Үйде бесік тербеп отырса да қоғамдық жұмыстағы кез келген жағдайда өздерін салқынқанды ұстап, жұмыстарын өте тиянақты атқарады. Радиотелефоншы мамандары қаланы жақсы білуі тиіс және картамен жақсы жұмыс істей алғаны жөн. Олар оқиға орнына құтқарушылардың жылдам баруына бірден бір септесетін адамдар деп айтуға болады. Солардың бірі – бөлімнің кіші сержанты Ақмарал Мәдиева.

«Азаматтық қорғаныс саласында 2018 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ал алғашқы еңбек жолымды Щучинск қаласындағы мамандандырылған бөлімнен бастадым. Ол жақтан көп нәрсе үйрендім. Өзім негізі көпбалалы отбасыдан шыққанмын, үйде тоғыз баламыз. Әке-шешем мені еркелетіп өсірген, өзіңіз білесіз, қатты еркелеп өскен балалар үлкен өмірге шыққан кезде түрлі қиыншылықтарға тап болады. Олар қала берді адамдармен дұрыс сөйлесе алмайды, әрине бұл менің жеке субъективті пікірім.

Алайда Азаматтық қорғау саласы мені барынша оперативті болуға, тәртіпке бағынуға және адамдармен қалай дұрыс сөйлесу керектігіне үйретті. Өзімді дәл осы саладан таптым десем болады. Оның үстіне менің мамандығым жеке өміріме де жақсы жағынан әсер етті.  Қазір екі баланың анасы ретінде өзім үшін және басқалар үшін дұрыс шешім қабылдай білемін және айналама дер кезінде көмек көрсете аламын деп ойлаймын. Құтқару саласында жүргеніме ешқашан өкінген емеспін. Себебі олар - ең абыройлы әрі еңбектері адал, таза адамдар», - дейді мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы Ақмарал Мәдиева.

Өрт сөндіру мамандары аса жауапты. Тілсіз жау салғырттықты, қателікті кешірмейді. Оқыс жағдай кезінде табандылық таныту аса маңызды. Оның үстіне техникалардың ақаусыз, сақадай сай тұруы - негізгі мәселелердің бірі. Бөлімдегі өрт сөндіру құралдары үнемі тексеруден өтіп, дайын тұруы жауапкершіліктің ең жоғарғы шегі десек болады. Бөлімде осындай жұмыстардың бірін аға нұсқаушы-жүргізуші маман Азамат Секербаев атқарады.

«Өзім осы бөлімде аға нұсқаушы-жүргізуші маманы болып жұмыс істеймін. Өртке қарсы қызметте 2008 жылдан бері еңбек етіп келе жатырмын. Бұл салаға келгеніме еш өкінбеймін, бұл мамандығым  өзіме ұнайды және мақтан етемін. Кезекшілікке түскен кезде өрт сөндіру техникаларын қабылдап, олардың дұрыс жұмыс істеуіне жауап беремін. Дабыл түскен жағдайларда оқиға орнына жедел жетіп, көлікті су, көбікпен қамтамасыз ету - маңызды элеметтердің бірі. Жалпы, біздегі техникалар кез келген жағдайға сақадай сай болып, су мен көбігі дайын тұрады. Құтқарушылар бір-бірімен иық тірестіре отырып, жұмыс істеуі керек. Сонда ғана қиыншылық жеңілдейді. Бұл жағынан келгенде, біздің ұйым өте ұйымшыл, бір-бірімізбен тонның ішкі бауындай араласамыз. Жаңадан келген жастарымызға өзімнің білгенімді үйретуден жалыққан емеспін», - дейді Азамат Секербаев.

Мамандықтың жаманы жоқ. Десе де, әрбір жан өзінің жүрегі қалаған кәсібін таба білуі керек. Сол сияқты өрт сөндіру саласына өзінің жүрегі қалаған адамдар ғана келеді. Құтқару, өрт сөндіру салаларында жылдар бойы өзінің өмірі мен денсаулығын бәске тіге жүріп, өзгелердің өмірін сақтау үшін көз ілмейтін құтқарушылар мен өрт сөндірушілер қашан да құрметке лайық жандар екені сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары