Сыңсу орындағанды жақсы көремін - петропавлдық Юлия Родионова қазақ қыздарын ұзатып жүр
Айтуынша, Петропавлда көбіне қазақ жігіті мен орыс қызы шаңырақ көтереді
Петропавл қаласының тумасы, ұлты орыс Юлия Родионова қазақ қыздарын сыңсу айтып, ұзатып жүр. Ол қалада неке қию, той жасау рәсімдерін қазақ тілінде өткізіп беруді сұрайтындар көп екенін айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Неке қию рәсімдерін екі тілде де жүргізе беремін. Ал үлкен тойларды қазақша жүргізуге тартынамын, қорқыныш бар. Петропавлда тойлар қазақша өтеді. Бес-он жыл бұрынғымен салыстырғанда қазақ тілінде өтетін тойларға сұраныс жоғары. Қазір халықтың 90 пайызы неке қию рәсімдерін қазақша өткізеді деп айта аламын. Интернационалды жұптар 20-30 пайыздай кездеседі. Бір қызығы, көбіне үйленіп жатқан жігіт қазақ, қыз славян ұлтынан болып келеді. Ол кезде беташар, үйлену тойы қазақ салт-дәстүрімен өткізіледі», - дейді кейіпкер.
Юлия Родионованың ең сүйікті ісі – сыңсу әндерін айту.
«Ең сүйікті хоббиімнің бірі – сыңсу жырларын орындау. Қазақ қыздарын сыңсу айтып ұзатамын. Қазақ әндерін сүйіп орындаймын. Қазақ тілі менің шығармашылық өмірімде аса маңызды орын алады. Бүкіл өміріме тек жақсылығын тиігізіп келеді», - дейді спикер.
Юлия Родионова той жүргізуден бөлек, қазақ тілінде жеке мұғалім болып та қызмет атқарады. Оның оқушылары тіл жарыстарында жетістіктерге жетіп жүр. Ол өзі 18-19 жасында ден қойып, қазақ тілін үйрене бастаған.
«Кез келген тілді үйренуді ержеткенде бастауға болады, тек бала кезден бастап үйрену керек деген қате. Өзім соған мысал бола аламын, 18-19 жасымда қазақ тіліне мән беріп үйрене бастадым. Қазақ әндері қазақша үйренуіме көп септігін тигізді», - дейді Петропавл тұрғыны.
Мемлекеттік тілді меңгеру, оны игеруге талпыну кез келген азаматтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі мен махаббатын айқындайтын құрал десек, артық емес. Қазақстан тарихында жастарды – кейінгі буынды Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, мемлекетке қызмет ететін лайықты азаматтар ретінде баулу мәселелері үнемі мемлекеттік саясаттың назарында болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық патриотизм мен жастардың отансүйгіштігіне қатысты бастамаларды жиі көтеріп, елдің маңызды бағыты ретінде үнемі атап өтеді.
«Отаншылдық – мемлекеттігімізді сақтаудың басты кепілі. Туған жерге деген сүйіспеншіліктен артық қасиет жоқ. Туған халқына қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Патриоттық – алаңға шыққандардың әдемі ұраны емес, ел игілігі жолындағы адал еңбек», - дейді президент.
Соңғы жылдары жастардың мемлекеттік қызметке араласуы бойынша бірқатар реформалар жүзеге асырылды. Президент жанындағы жастар кадрлық резерві мен Мәжіліс пен өңірлік мәслихаттарға жастарға арналған 7 пайыздық квота да енгізілді. Жастарды елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араластыру 2023-2027 жылдарға арналған жастар саясатының мемлекеттік тұжырымдамасында да бар.