«Бар болмысың қызметке сай болуы керек»: ардагер полицей еңбек жолы жайлы айтып берді

Аягөз Құрмаш

Қазір қызметкерлерге жақсы жағдайлар жасалып жатыр

«Бар болмысың қызметке сай болуы керек»: ардагер полицей еңбек жолы жайлы айтып берді
Фото: polisia.kz

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Еліміздің құқық қорғау саласында еңбек етіп, ардагер атанған қызметкерлер де аз емес. Солардың бірі - ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор Өмірзақ Болсамбеков деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның Қазақстандық ардагерлер ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор Өмірзақ Болсамбеков  қазір 85 жаста.

Ол құқық қорғау органдарының бүгінгі тіршілігі жайлы біраз сырын ашты.

«Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының сақталуында құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың рөлі қашанда маңызды болып қала береді. Өйткені уақыт көшіне ілесіп, өсіп өркендеуіңе, дамуыңа ішкі тыныштығың да, сыртқы елдермен сыйластығың да тікелей әсер етеді. Еліміз соңғы жылдарда «Жаңа Қазақстан» – әділ қоғам құру жолында қарқынды жұмыс істеп, қыруар істер атқарды. Мұндай жаңашылдықтың куәсі болғаныма, осы елдің азаматы ретінде, әлбетт, бақыттымын. Мемлекет басшысының бастамасымен әлі де жалғасып жатқан дебюрократизациялық қозғалыстан біздің министрлік тысқары қалмайды. Мемлекет мүддесі мен халықтың игілігі үшін қандай да бір бастаманы жалғап әкету – ведомство басшылығының ықпалында, десе де оң шешім қабылданса, біз оған міндетті түрде қатысамыз, әрқашан қолдаймыз», - деп отыр ақсақал.

Болсамбеков атағандай, ашықта әділетті қоғамды қаласақ, өзіміздегі мәселелерді де жасырмай айтқан жөн болар.

«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Құқық қорғау жолында жүргендіктен, осы жолға өміріңді арнағандықтан, бар болмысыңмен соған сай болуың керек. Ішкі істер органдарының Жаңа Қазақстанмен үйлесім табуына моральдық тұрғыдан ықпал ету жолында біздің бірлестігіміз жүйелі жұмыстар жүргізеді. Қызметкерлер арасында тәрбиенің осалдығы, неше түрлі ыңғайсыз жағдайлар, тіпті пара алу, мас күйде көлік жүргізу секілді қылмыстра көрініс табатын жағдайлардың алдын алу үшін, ардагерлер кеңесі кездесулер ұйымдастырып отырады», - дейді ол.

Болсамбеков атағандай, еліміз дамыған сайын, құқық бұзушылықтардың да түр-түрі кездесіп отырады.

«Оны күнделікті мына ғаламтор беттерінен де көріп жүрміз.  Полиция жұмысының күн-түн демей, мезгіл мен уақытқа қарамай толассыз жұмыс істеуі де сондықтан. Әкімшілік құқық бұзушылық та, бұзақылық, қарақшылық, тонау, ұрлау, жол жүру ережесін бұзу, тіпті қасақаны кісі өлтіру, өкінішке орай тоқтаған емес. Осылармен күрес – өте қиын міндет. Дегенмен, мемлекет мұны ескерусіз қалдырып жатқан жоқ. Полицейлер қызметінің ауыртпалығын, сан-салалығын ескеріп, ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағына үкімет тарапынан назар аударылып басталды. Соңғы кезде жалақылары көтерілді. Басым бөлігіне баспана мәселесу қиын тимесін деп, ай сайын тұрғынүй төлемін беріп отыр. Заман талабына сай жаңа формаға көшті. Жыл сайын заңдылықтың сақталуын қадағалауға қажетті заманауи технологиялар мен түрлі қондырғылар қолданысқа енуде. Осыларды  кәсіби мерекеде айту – парыз», -дейді ол.

Өмірзақ Болсамбековтың айтуынша, мұның барлығы үкіметтің, Президенттің қамқорлығы, елдің ертеңіне деген алаңдаушылығы.
«Жүрген жерімде жігіттерге, жастарға осыны айтамын. «Өміріңді осы салаға байладың ба, антыңа әрдайым берік бол», «Ешқандай келеңсіз, бұрыс әрекет жасама», «Сен – халықтың адамысың», «Еліміздегі тыныштықты сақтап, халықты қорғайтын адамсың», «Қай жағдайда да сертіңе берік боп, қабылдаған антыңнан тайма», «Адал еңбек ет» деп айта жүремін. Ешкім іштен туа сала министр немесе генерал болмайды. Адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында жетістіктерге жетіп, дәрежесі көтеріліп, шыңдалады. Оған дәлел – Отан қорғаушылар күні қарсаңында көптеген қызметкерлеріміздің Президент Жарлығымен марапатталуы. Мемлекет басшысы еліміздегі тыныштықты сақтауға зор үлес қосып жүргшен жандардың еңбегін жоғары бағалады», - дейді ол.

 Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның Қазақстандық ардагерлер ұйымының бүгінде 45 филиалы жұмыс істейді. Қазақстан бойынша бірлестік есебінде 80-мыңнан астам зейнеткер, ардагерлеріміз бар.

«Сол кісілердің әлеуметтік жағдайына қолдан келгенше көмек көрсетіп келеміз. Кезінде елі үшін жастығы мен қуатын берген ардагерлеріміздің денсаулықтарын түзету жөнінде санаторийлер мен арнайы ем орындарына жолдама алып береміз. Жалпы өмірлік жағдайлары мен тұрмыстық тіршілікте де көмегімізді жасап, ақшалай қол ұшын созып жатырмыз. Кей ардагерлерге ота жасау, қымбат дәрі-дәрмек алу керек болған жағдайда  қажет көмекпен қамтамасыз етуге тырысамыз. Бұйымтайы мен өтініші бар әр ардагерге есігіміз ашық. Біздің ардагерлер қоғамдық бірлестігінің мақсаты – жаһанданудың құбылмалы кезеңінде өсіп келе жатқан келешек ұрпақтың бойына рухани ізгіліктерді сіңіру», - дейді ол.

Ол өз ісіне адал, қызметін сүйетін адамдар жайлы айтып берді.

«Менің бір айтарым: өз ісін адал сүйетін, өзін-өзі үнемі дамытып отыратын адам ғана қызметтегі кез келген қиындықты жеңе алады, заман көшіне ілісе алады. Мен қайда жүрсем де, тәрбие ісіне көп көңіл қоямын. Кездесулерде «Біздің кезімізде сендер қолданып жүргендей жаңа заман техникасы мен оқулығы арман болатын. Ал бүгінде ізденемін, адам боламын, нағыз маман боламын деген жанға барлық жағдай жасалған. Тек өз ісіңе деген адалдықты ту етіп ұстап, Отан алдындағы борышыңды кіршіксіз орындап, қызмет етсең жетеді. Қазақстан полициясының алдында үлкен мақсат, ар-ожданмен, өмірмен өлшенетін үлкен миссия тұр. Соны әркез орындай берсін дегім келеді», - деп түйіндеді ардагер полиция.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.