Түнде -2°C-қа дейін үсік, жаңбыр мен найзағай: 5 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы
Елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады
Сенбі, 5 қыркүйекте Қазақстан аумағының басым бөлігінде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Бұған ауқымды антициклон әсер етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Дегенмен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елдің оңтүстік-шығысы мен батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болуы мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстанның батысында, оңтүстігінде және шығысында жел күшейеді.
«Оңтүстік өңірлерде кей жерлерде шаңды дауыл болуы мүмкін. Түнде және таңертең шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық облыстарда тұман күтіледі», – деп мәлімдеді «Қазгидромет» баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында түнде 2 градусқа дейін үсік жүреді. Сондай-ақ бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Жоғары өрт қаупі Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының солтүстік-батысында, Абай облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстік-шығысы мен солтүстік-батысында, Маңғыстау облысының орталығында, Қарағанды облысының орталығы мен шығысында, Алматы және Жетісу облыстарының солтүстігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстігі мен оңтүстік-батысында және Солтүстік Қазақстан облысының шығысы мен оңтүстігінде күтіледі.
Төтенше өрт қаупі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында, Ұлытау облысында, Қостанай облысының оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Алматы облысының батысы, шығысы мен орталығында, сондай-ақ Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында болжанады.