Жамбыл облысында әйел адам анасының өлімінен 37 жыл өткен соң ғана сотқа жүгінді
Оның анасы 1989 жылы қайтыс болған
Жамбыл облысында асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындау мәселесіне қатысты 37 жыл бұрын туындаған дау сот медиациясы арқылы реттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облыстық соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Байзақ аудандық соты әйелдің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментіне берген әкімшілік талап арызы бойынша істі қарады.
Талап қоюшының анасы 1989 жылы қайтыс болған. Ал талап қоюшы – бала кезінен II топтағы мүгедектігі бар адам. Анасы қайтыс болғанға дейін ол өздігінен табыс таба алмағандықтан, анасының асырауында болған.
Әйел адам асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындау туралы департаментке өтініш берген. Алайда оның өтініші қанағаттандырылмаған. Жауапкер алдымен әйелдің анасының асырауында болғанын заң жүзінде анықтау қажет екенін айтқан. Бұл шешіммен келіспеген талап қоюшы сотқа жүгінген.
Сот жүргізген татуластыру рәсімдерінің нәтижесінде тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келген.
Келісім шарттарына сәйкес, талап қоюшы жәрдемақы тағайындау туралы өтінішпен департаментке қайта жүгінуге міндеттелді. Ал жауапкер өтінішті тиісті тәртіппен қарап, ол бойынша шешім қабылдауға міндеттелді.
Тараптар келісімге келгендіктен, талап қоюшы өз талаптарынан бас тартты. Сот медиация шарттарын бекітіп, әкімшілік талап арызды қайтарды. Сонымен қатар талап қоюшыға мемлекеттік баж салығы да қайтарылды.