Мойнына қалың сым орап, мәйітін каналға тастаған: Қызылордада қылмыскер 20 жылға сотталды

Қайғылы оқиға биыл 3 маусым күні Шиеліде болды

Мойнына қалың сым орап, мәйітін каналға тастаған: Қызылордада қылмыскер 20 жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысында мәйіті каналдан табылған кәмелетке толмаған қыз баланың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарнаның мәліметінше, биыл маусым айында қыз бала үйінен шығып құрбысына кеткен. Алайда арада бір тәулік өткен соң оның денесі Жахаев каналынан табылған. Қыз баланың мойнына қалың сым оралған.

Оны өлтірді деген күдікпен бұрын сотталған, үйленген 22 жастағы ер адам ұсталған. Тергеу барысында оның кінәсі толық дәлелденді. Сот отырысындағы соңғы сөзінде сотталушы кінәсін мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.

«Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленсін. Моральдық зиянды өтеу үшін 10 млн теңге, сондай-ақ мемлекет кірісіне 2 162 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілсін», – деп Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Думан Әлиев сот үкімін оқыды.

Айта кетейік, биыл 3 маусым күні Шиелі ауданының тұрғыны каналдың шлюзінен қыз баланың денесін тауып, полицияға хабарлаған. Сол кезде әлеуметтік желіде қылмысқа маньяктың қатысы болуы мүмкін деген нұсқа тараған еді. Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратты жоққа шығарды.