Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Жылдық инфляцияның қарқыны биыл тамыз айында 9,8%-ға дейін баяулады

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, жылдық инфляцияның қарқыны биыл тамыз айында 9,8% дейін баяулады. Ал дезинфляциялық процес 11 ай қатарынан жалғасып келеді. Азық-түлік арзандап, бұл саладағы инфляция 9,5% дейін төмендеген. Көбінесе, күз келе, жеміс-жидек пен көкөністің айтарлықтай арзандап, импорт та азайған. 

«Сыртқы секторда жағдай әлі де тұрақсыз. Таяу Шығыста жалғасып жатқан қақтығыстың салдарынан энергия көздері қымбаттап кетті, сондай-ақ сыртқы инфляциялық қысымды күшейтіп тұр. Мұндай жағдайда жетекші орталық банктердің риторикасы қатаң сипатта сақталады. Азық-түліктің әлемдік бағасы дәнді дақылдар мен өсімдік майы есебінен біршама өсті, бұл ретте еттің бағасы ұзақ уақыт ішінде алғаш рет арзандады. Ресейдегі инфляция әлі де орнынан қозғалған жоқ, – деп хабарлайды Ұлттық банк Қазақстандағы базалық ставкаға қатысты ақпаратында. 

Айта кетейік, Ұлттық банк Қазақстандағы инфляцияның 2026 жылға болжамы өзгермейтінін, ол 9-11% аралығында болады деген болжам ұсынып отыр.