Теріскейлік фотограф сурет арқылы туған өлкесін көпшілікке танытып жүр

Фотограф Талғат Тәнібаевпен сұхбат

Теріскейлік фотограф сурет арқылы туған өлкесін көпшілікке танытып жүр

Қызылжарлық фоторграф Талғат Тәнібаевтың сүйікті ісі – туған жердің табиғатын таспаға түсіру. Асқар тау, айдынды көл, жайқалған егін – ешқайсысы оның объективінен тыс қалған емес. Теріскейдің тұмса табиғатын жергілікті газет арқылы жұртқа танытып жүрген фотографпен Аzattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

ГАЗЕТТІҢ ӘР САНЫНДА ФОТОГРАФТЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ БАР

Редакцияда газеттің кезекті саны фотографсыз жоспарланбайды. Оқырманның назарын аудару үшін алғашқы беттегі сурет сәтті болуы шарт. Талғат Тәнібаев 17 жылдан бері облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етіп жүр. Сол сәттен басылымның бір саны фототілшінің суретінсіз жарыққа шыққан емес.

«Газетте жұмыс істегендіктен түрлі жиындарға көп барамын. Фоторепортаж жасаймын. Жұмысым өзіме ұнайды. Әлеуметтік желілерде жарияланатын сурет басқа да, газет-журналға шығатын суреттің талабы ерек. Газетте жарияланатын репортажды бір ғана кадрмен жасауға болады. Тек ол суретте бәрі болуы керек. Бір сөзбен айтқанда бір көрініс болған шараның барлық мазмұнын ашып тұрады. Және ең бастысы – динамика болуы шарт», - дейді Талғат Тәнібаев.

«СУРЕТТІ ЖАҚСЫ ТҮСІРУ ҮШІН ҚЫМБАТ ФОТОАППАРАТ ЖЕТКІЛІКСІЗ...»

Талғаттың еңбектері републикалық, халықаралық басылымдарда жарыққа шығып жүр. Пейзаж, портрет, репортаж, натюрморт – мұрағатынан кез келген жанрдағы фотосурет табылады.



«Суретті жақсы түсіру үшін қолыңда қымбат фотоаппараттың тұруы жеткіліксіз. Адамның өз көзқарасы, ынтасы болуы шарт. Жақсы фото – өмірдің қас-қағым сәтінен сыр шертеді. Сол сәтті дер кезінде көріп, таспаға түсіріп үлгеру керек. Бір сөзбен айқанда, фотографқа ең қажетті қасиеттердің бірі – байқампаздық, басқа адам көрмейтін дүниеге зер салу. Мәселен, үлкен топтың арасынан көзі жанып тұрған, ерекше келбетті, жүзі эмоцияға толы адамды аңғаруға міндеттісің. Табиғатты түсіргенде де ракурсты дұрыс таңдау керек», - дейді ол.

Талғаттың мамандығы – инженер-механик. Бала кезден шығармашылыққа, сурет салуға жақын болғанын айтады. Қазір сүйікті ісі кәсібіне айналған. Ол еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында өңірдегі ең үздік фотографтардың біріне айналды.

«Кішкентай кезімнен сурет салуға әуес едім. Бірақ фотограф боламын деп ойлаған жоқпын. Нағашым облыстық телеарнада жұмыс істеді. Студенттік шағымда кейде кеңсесіне барып тұратынмын. Ол маған операторлардан видео түсіріп үйренуге кеңес берді. Мен олармен бірге түсірілімдерге барып жүрдім. Бәрі солай басталып кетті», - дейді фотограф. 

КЕЗ КЕЛГЕН ШАРА ОБЪЕКТИВІНЕН ӨТЕДІ

Өңірдегі кез келген шара Талғат Тәнібаевтің объективінен өтеді. Фототілші өңірде болып жатқан кез келген оқиғаның басы-қасында жүреді. Өз ісінің шебері әріптестері арасында да беделге ие.

«Бір ғасырлық тарихы бар Солтүстік Қазақстан газетінде 1920 жылдан бастап Мағжан Жұмабаев, Смағұл Садуақасов, Қошке Кемеңгеров сынды тұлғалар еңбек еткен. Алаш қайраткерлері салып кеткен ізді жалғап, бұл басылымда қазақтың қыз-жігіттері еңбек етіп жатыр. Ол газеттің көркем болып шығуы, безендірілуі – фототілші Талғат Тәнібаевтің еңбегі. Облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындар алып жүр. Оның суреттерінде мінез, адамдардың көзқарасы, қимыл-әрекеті көрініп тұрады. Газетті алып қарасаңыз, тек қана мәтін болса, ол оқырманның көзін тартпайды. Сондықтан әр бетте кем дегенде бір сурет болуы керек», - дейді «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы.

КЕЗ КЕЛГЕН СУРЕТ ТҮСІРЕТІН АДАМ КӘСІБИ ФОТОГРАФ ЕМЕС

Фотограф мамандығының тарихы сонау 19 ғасырдан басталатынын бірі білсе, бірі біле бермес. Ал қазір қолында ұялы телефоны бар кез келген адам сурет түсіре алады. Алайда кәсіби фототілшілер саусақпен санарлық.

«Қазір техниканың дамыған заманы. Фотограф көп. Қымбат телефондар айналы фотоаппараттан кем түсірмейді. Олар уақыт үнемдеу жағынан ұтымды. Далада келе жатып бір сәтті көріп қалсаң, фотоаппаратты сөмкеден алып шығып, қосқанша үлгермей қалуың мүмкін. Ал телефон үнемі қолда жүреді. Сурет түсіруді маған ешкім үйреткен жоқ. Бүгінгі табысым - ізденістің, еңбектің жемісі. «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейтін Ерлан Омаров пен Тұрар Қазанғаповтың еңбектері ұнайды», - дейді Талғат.

Фотографтың ендігі жоспары жеке көрме ұйымдастыру. Ол 17 жыл ішінде түсірген ең үздік суреттерін көрермен назарына ұсынбақ.

«Кейде сәтті кадр үшін біраз еңбектенуге, тәуекелге баруға тура келеді. Күзде іссапармен Айыртау ауданына бардық. Сарысай ауылына жол түсті. Елдімекен төбенің бауырында тұр. Дөңнің үстіне шығып, сурет түсірмек болдым. Күн салқын. Күтпеген жерден жаңбыр жауып, жерде жатқан тастар тайғанақ болып кетті. Өзім де шылқып су болдым. Бірақ сурет түсіруді мақсат етіп шыққанан кейін артқа қайтпадым. Есесіне коллекциям әдемі кадрлармен толыға түсті», - дейді фототілші.

Фотограф – өмірдің қас-қағым сәтін таспаға басып, тарихта қалдыратын мамандық иесі. Алайда өзі үнемі назардан тыс, кадрдың сыртында қала береді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.