«Көшкім келмейді»: теріскейлік әйел 4 жылдан бері ауылда жалғыз тұрып жатыр

Теріскейде жалғыз адам мекендейтін 10-ға тарта ауыл тіркелген

«Көшкім келмейді»: теріскейлік әйел 4 жылдан бері ауылда жалғыз тұрып жатыр

Солтүстік Қазақстанда бір ғана тұрғыны бар онға жуық елді мекен тіркелген. Солардың бірі - Есіл ауданындағы Жаңалық ауылы. Айгүл Жаукина 4 жылдан бері жапандағы жалғыз үйде өзі ғана өмір сүріп жатыр. Іскер әйел 24 бас жылқы сатып алып, мал басын көбейтуді мақсат тұтқан. Оның қалаға көшкісі жоқ. Кәсіпкермен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасқан еді. 

«АУЫЛ ӨМІРІНЕ ТЕЗ БЕЙІМДЕЛДІМ...»

Жаңалық – кезінде дүркіреп тұрған ауылдардың бірі. 1990 жылдарға дейін 120 шаңырақ түтін түтеткен. Халқы жан-жаққа үдере көшкенде Айгүл Жаукина соңғы тұрғынның үйін сатып алып, ауылға қоныс аударған. 44 жыл бойы қалада тұрған әйел ауыл өміріне тез үйренгенін айтады. Оған бойындағы батылдық пен іскерлігі септессе керек. Қазір қалаға көшкісі келмейді. Тек айына бірнеше рет облыс орталығынына барып келеді. 

«Жалғыз өзің қорықпайсың ба, қиын емес пе?» Мен ең жиі еститін сұрақтар осы. Бірақ қорықпаймын. Неге қорқуым керек? Оған уақыт та жоқ. Адамнан қиянат көрмесем, мал қиянат жасамайды. Күні бойы малдың соңында жүремін. Жазда 4-те тұрып, 1-де жатамын. Қыс бойы жалғызбын. Ал жазда жайлауға қойшылар келеді. Өздерінің малын бағады. Ауыл өмірі тыныш, ауасы таза, табиғаты керемет. Кейде тұрғындар осындай жерді қалай қиып тастап кеткеніне таң қаламын. Бәлкім оған жолдың, жұмыстың жоқтығы себеп болған шығар. Дегенмен, жалғыз қорықпасам да, оңай емес. Мал бағу, су тасу, үйге қарау – бәрін өзің ғана істейсің. Қыста кейде жол болмай қалады. Ондай жағдайда аудан әкімдігіне хабарласамыз. Келіп ашып береді. Ауылда мінуге арналған ескі «жигулиім» бар. Қалаға басқа көлікпен қатынаймын», - дейді Айгүл Жаңабайқызы.

АУЫЛДА АУЫЗ СУ ЖОҚ

Айгүл Жаукинаның жасы 59-да. Есіл ауданы Қарағай елді мекенінде туған. Мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Қазір оның ауылда тұруының басты себебі - еркіндікке құштарлық пен ешкімге тәуелді етпейтін кәсіп.

«Мен Қазақстанда өз жылқысын бағып жүрген жалғыз әйелмін. Бастапқыда сатып алған 24 бас мал қазір көбейіп, 80 болды. Көмекшім бар. Ол көрші ауылда тұрады. Қажет кезінде шақырып аламын. Үлкен қора салдық. Ішінде скважина бар. Малды содан суарамыз. Ал өзім ішетін тіршілік нәрін аптасына бір рет көрші ауылдан тасимын. Кейде қаладан сатып әкелемін. Жолдасымның денсаулығы жоқ. Оған кез келген уақытта дәрігерлік көмек қажет болып қалуы мүмкін. Сондықтан, ол қалада тұрады», - дейді ол.

«Тұрғыны аз ауылдарды тарату немесе біріктіру керек. Олар «ауыл» мәртебесін жоғалтқан. Сондықтан, республикалық бюджеттен қаржыландырылмайды. Мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалады. Өйткені, адам саны аз болғандықтан ақша жұмсау тиімсіз. Ондай ауылдарда жарық бар, су жоқ. Мемлекет оған құбыр тарта алмайды. Қарапайым ғана мысал келтірейін. Сіздің қалада пәтеріңіз және шаһар сыртында саяжайыңыз бар делік. Сіз саяжайдағы үйге көп ақша жұмсамайсыз. Себебі, ол тиімсіз шығын. Біз де мемлекет бюджетінің қаржысын оңды-солды шаша алмаймыз. Кез келген қор шектеулі», - дейді облыстық экономика басқармасының бөлім жетекшісі Жанар Ахмиева.

10-ға ТАРТА АУЫЛДА ЖАЛҒЫЗ АДАМ ТҰРАДЫ

Жалғыз адам қалған ауылда жайылымдық жер жетерлік. Айгүл Жаукинаның ауылдан кетпеуінің басты себебі де осы.

«Ауыл халқы біртіндеп қалаға көшіп жатыр. Көбі барлық коммуникациясы бар жайлы үйде тұрып, балаларын жақсы мектепте оқытқысы келеді. Оқушы саны азайғасын, ауылда білім ошағы да жабылады. Сосын қалған тұрғындар да қоныс аударуға мәжбүр болады. Жаңалық ауылында жалғыз ғана адам тұрса да, жолды тазалап тұрамыз. Жарық бар. Елді мекеннің тұрған жері жақсы. Күре жолға жақын», - дейді Ауылдық округ әкімі Сәлім Жолтанов.

Теріскейде жалғыз адам мекендейтін 10-ға тарта ауыл тіркелген. Олардың бірнешеуі Ресеймен шекаралас аумақта орналасқан.

«Балам Алматы қаласында тұрады. Немере сүйіп отырмын. Келінім екеуі менің ауылда, оның үстіне бір елді мекенде жалғыз тұрып жатқаныма қарсы. Мені Алматыға шақырады. Әзірге денсаулығым барда ауылдан кеткім келмейді. Петропавлға барсам, Жаңалыққа кеткім кеп тұрады. Қаланың ауасы тар. Бірақ өзім ешқашан ауылда тұрамын деп ойлаған жоқпын. Өмірімнің басым бөлігі қалада өтті», - дейді тұрғын.

«АУЫЛҒА ЖАБАЙЫ АҢДАР ЖИІ КЕЛЕДІ...»

Кейіпкеріміз әйелдің де ер адамның да жұмысын жалғыз атқаруға бейімделген. Ауылдағы жалғыз серігі екі ит.

«Екі алабай итім бар. Олар тек күзетші ғана емес, мал бағуға көмектеседі. Кейбір адамдарды үйге жолатпай қояды. Себебін түсінбей қойдым. Екеуі жанымда болғанда алаңдамаймын. Ауылды жағалай орман қоршаған. Адасқан аңдар келіп тұрады. Түлкі, қарсақтар жүреді. Қазір жабайы еліктерді жиі көремін. Малдың жеміне келетін болса керек», - дейді Айгүл Жаукина.

Облыста 635 ауыл бар. Тұрғындар саны 50-ге де жетпейтін 123 елді мекен біртіндеп таратылмақ. Соңғы 3 жылда 33 ауыл қаңырап қалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.