«Өмірімді сынақ деп санамаймын»: ерекше жұп бақытты отбасы болудың сырын айтты

Сағыныш Ибрагим

Қазір олар екі қыз тәрбиелеп отыр

«Өмірімді сынақ деп санамаймын»: ерекше жұп бақытты отбасы болудың сырын айтты

Еламан мен Аяжан жұбын көпшілік әлеуметтік желі арқылы жақсы біледі. Желіде белсенді жандар бөліскен ерекше отбасының суреттері интернет қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бірі екі жұптың махаббатына тамсана қараса, енді бірі жолдасына сүйек сынғыштық диагнозы қойылған Аяжанға сыни пікірлер жаудырды. Azattyq Ruhy тілшісі ерекше жұпқа хабарласып, әлеуметтік желіде айтылып жатқан сан түрлі пікірлер, екеуінің махаббат хикаясы мен балаларының денсаулығы жайында сұхбаттасты.

Аяжан Сәулетбек әнгімесін жолдасымен алғашқы таныстықтарынан бастады. Еламан мен Аяжанның арасы 5 жас.

«2018 жылы алғаш әлеуметтік желі арқылы таныстық. Әңгімеміз хал-жағдай сұрасумен басталды, кейін бір-бірімізді жақынырақ біле келе екі жақта жүрсек те телефон арқылы таңды бірге атыратын болдық. Екеуміз де Тараз қаласының тумасы боламыз. Оның үстіне бір ауылданбыз, бірақ ауылдас екенімізді танысқаннан кейін ғана білдім.

Жолдасымның мені баурап алған асыл қасиеті – бойындағы иманы. Денсаулығындағы ерекшелігіне қарамастан еңбекқорлығы қатты ұнады. Мемлекеттің берген зейнетақысына қарамай үнемі өзі еңбектеніп жүреді. Ақшаны өз еңбегімен тапсысы келеді. Бес уақыт намазы бар, құранға түскен кісі. Жолдасым 1995 жылғы, өзім 2000 жылы тудым. Қазір екі қызымыз бар. Отау құрғанымызға 18 желтоқсан күні үш жыл болды. Жолдасым екеуміздің бірге түскен фотоларымыздан TikTok қосымшасына видео жасап салдым. Кейін видеомыз желіде тарап жатқанын байқадым. Әлеуметтік желіде бұған дейін күйеуім екеуміз де аса белсенді емес едік. Сол видео барлық жерге тарап кетті», - дейді Аяжан.

Аяжанның жолдасына жетілмеген остеогенез диагнозы қойылған. Бұл сүйектерде коллаген жеткіліксіздігінен болатын сирек кездесетін генетикалық ауру. Мұндай адамдардың сүйектері тез сынғыш болады. Кез-келген соққы, тіпті сәтсіз қозғалыс сүйектің сынуына әкелуі мүмкін.

«Жолдасыма туғаннан жетілмеген остеогенез, яғни сүйек сынғыштық диагнозы қойылған. 1995 жылы Қазақстанда аталған ауруды емдеу жолдары болған жоқ. Оның алдын алу үшін туған кезден ем алу керек екен. Десе де қазір де емдеуге болады, бірақ ем алу күрделі. Ресей елінде ота жасатуға болады. Сүйектерді қайта түзеуге мүмкіндік бар. Әзірге барып емделуге қаржымыз болмай тұр. Толық емге дәрігерлер шамамен 23 млн теңге ақша кететінін айтты. Қазір сол ақшаны жинап жүрміз», - дейді ол.

Аяжанның туыстары алғашында ерекше некесіне қарсы болғанымен екеуінің отау құруына уақыт өте келе батасын берген. Өзін ерекше отбасының от анасымен деп таныстырған Аяжан кім не айтса да таңдауына еш өкінбейтінін жеткізді.

«Туған-туыстар алғашында некем жайында естігенде қарсылық білдірді. Дегенмен уақыт өте келе ата-анам, бауырларым, туыстарым барлығы баталарын берді. Біз үйде 5 ағайындымыз, өзім төртінші баламын. Ал жолдасым отбасында 9 ағайынды. Өзінің алдында 6 әпкесі және өзінен кейін інілері бар.

Көпшілік тарапынан түрлі пікірлерді естіп жүрмін. Сан алуан адам болса сонша пікір де болады. «Бір-ақ рет сүретін өмірде мұндай таңдауды қалай жасадың, балаларыңды болашағынан айырдың ғой» деген сөздерді жиі естимін. Аса мән бермеуге тырысамын. Себебі бұл менің өмірім, не болса да Алланың қалауымен болады деп ойлаймын. Өзімнің өмірімді жұрт айтқандай сынақ деп қарамаймын, әр сәтіме ризамын», - дейді ол.

Еламан мен Аяжанның тұңғышы да жетілмеген остеогенез диагнозымен дүниеге келген. Сүйек сынуының алдын алу үшін олар үш ай сайын екпе алып отырады.

«Бірінші қызым дәл күйеуімдікі сияқты диагнозбен өмірге келді. Екі аяғы сынық болып дүниеге келді. Жетілмеген остеогенездің үшінші кезеңі, яғни жеңіл түрі. Үш ай сайын Астанаға барып, сүйек сынудың алдын алатын дәрі аламыз. Ал жолдасымдікі уақытында ем қабылдамағандықтан 8-топқа шығып кеткен. Қызымызды қолдан келгенше емдеп жатырмыз. Сүйектері өте нәзік болғандықтан әр дәрігерге көрсете беруге де қауіп бар. Қарап, тексерген сайын сүйектеріне зақым келуі әбден мүмкін.

Өзімнің негізгі мамандығым – медбике, бірақ мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Тұрмысқа шыққанан кейін көп ұзамай аяғым ауыр болды. Одан кейін екінші қызымды дүниеге әкелдім. Қазір бала күтімімен отырмын. Десе де, жолдасым екеуміз үйде қарап отырмаймыз. Қазір кәсіпкерлікке арналған түрлі курстар бар. Соларды оқып, айналысып жүрміз. Бізге қазіргі уақытта ыңғайлысы – өзіміге жұмыс істеу. Бұған дейін жолдасым қайтарымсыз грант алып кішігірім тез дайындалатын тағам түрін ашқан едік. 4-5 айдай жұмыс істеп, кейін қаржы жетпей жабылды. Соны қайта қолға алғымыз келеді. Қазіргі таңда демеуші іздеп жүрміз», - дейді Аяжан.

Ол қазіргі қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі ажырасу себептеріне тоқталып, жар таңдауда өзінен кейінгі сіңілілеріне кеңес берді.

«Әркімнің өмірге деген көзқарасы, мақсаты әртүрлі. Сондықтан ешкімге өзім сияқты болыңдар деп айтпаймын. Әр адам өз жүрек қалауын тыңдауы керек. Таңдауыңызға сенімді болсаңыз қателеспейсіз деп ойлаймын.

Қазір жастар арасында ажырасу көп. Қарапайым өзіміздің таныстарымыздың арасынан үйленіп бір-екі айда ажырасып кетіп жатқан жағдайларды жиі есіп жүрміз. Менің ойымша, жас отбасылардың қарым-қатынасының нығайып, тұрақталып кетуіне үйдегі ата-ененің, үлкендердің ықпалы зор. Қазір жас отбасылардың көбісі келісімге келуге тырыспайды. Әркім өзімдікі дұрыс деп жүрсе отбасын сақтап қалу қиын. Ал өз жағдайымды айтсам біздің анамыз, яғни енем жолдасым екеуміздің қарым-қатынасымызға артық араласпайды. Тек ақылын айтқаны болмаса, араға түсу деген жағдай мүлде болған емес. Осы уақытқа дейін отбасы ретінде қалыптасуымызға сол кісінің үлесі өте зор. Өзге үйге келгенде жаңа отбасың жылы шыраймен жақын тартса, еркін жүре білсең артық ұрыс болмайды деп ойлаймын. Жолдасым қарым-қатынасымызға келгенде өте сабырлы. Қыз баласы болғаннан кейін сезімге берілгіш келеміз ғой. Бірдеңе ұнамай қалуы мүмкін сондай сәттерде күйеуім сабырлықпен ашуым басылғанша әңгіме бастамайды.

Ең бастысы бақытты ана, сүйікті жармын. Көбісі ақша үшін тұрмысқа шыққан шығар деп айтып жатыр екен. Біз Тараз қаласындағы қарапайым отбасылардың біріміз. Біреуден артық біреуден кем өмір сүріп жатырмыз», - деп сөзін түйді Аяжан Сәулетбек.    

Сұхбатқа кейін қосылған Еламан қазір отбасындағы қарым-қатынасқа әлеуметтік желі көп әсер етеді дейді.     

«Еркек пен әйелдің орнын ата-бабаларымыз бұрыннан бекітіп қойған. Сол қағиданы біз – жастар сақтап қалуымыз керек. Қарым-қатынастағы өте маңызды дүние – сөйлесе білу, тыңдай білу. Еркек өз міндетін орындап отбасын қамтамасыз етіп, әйелі мен балаларына уақытылы көңіл бөліп тұрса, ал әйел жолдасын сыйлап, қолдау білдірсе қарым-қатынаста бұдан асқан тепе-теңдік жоқ деп ойлаймын. Қазір бір қиыны еліктеу көбейіп кетті. Әлеуметтік желі арқылы өзгенің өмірін көріп, соны өз өміріне әкелгісі келетіндер көп. Материалдық жағынан ұрыс осыдан шығады.

Әр отбасының өз тағдыры, өмірі бар. Соны естен шығармау керек деп ойлаймын. Алғашында отбасымызды желіде көрсетуге қарсы болдым. Кейін ойланып, басқа адамдар ішкен-жегенін де салып жатыр, оған қарағанда мүмкін көпшіліктің ойын өзгертерміз, біреуге мүмкін үлгі болармыз деген ниетпен жариялауға рұқса бердім.

Өзіме қатысты пікірлерге әрдайым салқынқанды қарауға тырысамын. Теріс пікір жазатындар іші пысқан жандар деп ойлаймын. Жұмысы бар, отбасын асырауға асығып жүрген адамның біреудің өмірінде шаруасы болмайды. Өзін былай қойып басқа үшін күйіп-пісетін жандарға бір жағынан аянышпен де қарауға болады. Қорыта келе көпшілікке айтарым, денсаулықты бағалау керек. Денсаулық деген үлкен тәж, соны жастар түсінсе, зиянды дүниелерден аулақ болса екен деймін», - деді Еламан Әбсат.

Айта кетейік, жоғарыда Еламанның жары оның сүйектерін қайта қалпына келтіріп, ота жасауға 23 млн қаражат қажет екенін айтып өтті. Ерекше отбасының еміне көмек беремін деушілер болса төмендегі нөмірге хабарласып, қаржылай қолдауға болады: 87053960573 Еламан Әбсат.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.